Оралда Абай даңғылы ашылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бүгін Оралда Абай даңғылы салтанатпен ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл ұлы ақынның 175 жылдығына орай бұрынғы Еуразия даңғылы Абай даңғылы болып қайта аталған еді.

Даңғылдың ашылу салтанатында сөз алған қала әкімі Абат Шыныбеков биыл қаланың ортасындағы Абай алаңының абаттандырылып, басқа да елді мекендерде маңызды іс-

шаралардың атқарылғанын жеткізді.

«Қала күні, сондай-ақ Жайықтың қос қыраны Жұбан Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлидің мерейтойлары аясында Оралдың қақ төрінде Абай даңғылының ашылуы – үлкен мәртебе. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының және қала жұртшылығының ұсынысымен орталық даңғылдардың біріне осылайша ұлы Абайдың есімі берілді», деді А.Шыныбеков.


«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп ұлы ақынымыз айтқандай, Абайдың сөздері жанданып жатыр. Жұбан мен Қадыр тойының да жоғары

деңгейде өтуі – осы сөздің дәлелі. Биыл Абай жылы аясында елімізде көптеген шаралар атқарылды. Мұхтар Әуезов атындағы театрымызда Абайдың қара сөздерінен, өлеңдерінен екі спектакль қойғыздық. Абайды құрметтейтін, қастер тұтатын елі аман болсын, ұрпақтары жасай берсін», деді Қазақстанның Еңбек Ері, атақты кино және театр актері Асанәлі Әшімов.

Бұдан кейін сөз ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулетке берілді.


«Абай – ұлтымыздың ұстазы, халқымыздың темірқазығы. Мемлекетімізге бағыт беретін, әлем көгінде жарқырап тұрған жарық жұлдызымыз. Мұнда жазулы тұрған «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек» деген Абай сөзіне зер салсақ, толық – кемел адам деген сөз. Абай толықты екіге бөледі. Адамдыққа толық адам, надандыққа толық адам. Біз Абайдың адамдыққа толық адам деген жолын ұстансақ, ешкімнен кем болмаймыз. Міне, енді Абай жырының сәулесі ақын есімін алған даңғылға түсіп, нұрландырып тұр. Абайдай өмір сүрейік, абайлап өмір сүрейік», деді Ұ.Есдәулет.

Жайықтың қос қыраны Жұбан мен Қадырдың мерейтойы аясында түрлі шаралар мәреге жетті.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына орай өткен халықаралық конференцияға мерейтой қонақтарымен қатар Түркиядағы Мерсин университетінің профессоры Али Арслан, Ресейден ақын Татьяна Кузовлева онлайн форматта қатысып, өз ой-толғамдары мен зерттеулерін ортаға салды.

Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Қадыр Мырза Әли қоғамдық қорының (директоры – композитор Донеділ Қажымов) ұйытқы болуымен Қадыр ақынды еске алу кеші болды. Онда ақын Айтқали Нәріков өз өлеңін оқыса, жазушы Мира Шүйіншәлиева естелігімен бөлісті. Жас жеткіншектер Қадыр өлеңдерін мәнерлеп оқып, әншілер ақын сөзіне жазылған әндерді орындады. Кеш соңында ақынның жары Салтанат

Мырзалиева мерейтойды ұйымдастырған Ақ Жайық жұртшылығына ризашылығын білдірді.

Ж.Молдағалиев атындағы №2 орта мектептегі Жұбан ақын мүсініне де гүл шоқтары қойылды.

Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының отырысы болып, биыл 80 жасқа толған ақын Айтқали Нәріков пен бөлімшені осы кезге дейін басқарып келген Ақұштап

Бақтыгерееваға құрмет көрсетілді. Одақ секретариатының шешімімен филиал директоры болып ақын Бауыржан Халиолла тағайындалды.

Ұлықбек Есдәулет сондай-ақ жаңа жарғыға сәйкес республикалық ресми конкурста бас жүлде алып, дараланған талантты жас ақындар Айбол Исламғали мен Талғат Мықидың Қазақстан Жазушылар одағы мүшелігіне қабылданғанын жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдағы Еуразия даңғылы Абай даңғылы болып өзгергенін, БҚО театрында «Жұбан» спектаклінің премьерасы болғанын жазған едік.





Соңғы жаңалықтар