Орал киіктерінің өрістеуін шешу жұмыс тобы шұғыл іске кірісуі керек - Экология министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сапар аясында министр ғалымдармен, экологтармен бірге жергілікті тұрғындар көтерген киік санының көбеюіне байланысты жайылымдық жерлердің тарылуына қатысты мәселені шешу жолдарын талқылады.

«Сіздерге Президент тапсырмасымен ғалымдармен бірге арнайы келіп отырмын. Екі жаққа да тиімді шешімдер қабылдау үшін Экология, Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым министрліктері және халықаралық ұйымдар, институттар құрамына кіретін жұмыс тобын құрып отырмыз. Қысқа мерзімде зерттеулерді бітіруге тырысамыз»,- деді министр.


Мағзұм Мырзағалиев мәселенің шешімінің үш жолын атады.

«Біріншісі - жалпы ауданы 343040,1 гектар «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын, сондай-ақ жалпы ауданы 314505,1 гектар Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын құру. Бұл бойынша барлық негіздемелер дайын. Резерват құру арқылы жаңа жұмыс орындары да ашылады. Екіншісі - осы резерватта геологтардың араласуымен су көздерін анықтап, киіктерге жасанды суат дайындау. Ол тек киікке ғана емес, халыққа да пайдалы. Үшіншіден киіктердің Орал популяциясының бір бөлігін Жайықтың оң жағалауын өткізу мәселесін қарастырамыз», - деді министр.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев құрылған жұмыс тобына жергілікті шаруа қожалықтары өкілдері де кіретінін, барлық зерттеулер, шаралар ашық жүретінін жеткізді.


ҚР БҒМ Зоология институтының териология зертханасының меңгерушісі Алексей Грачев қазір киік санын реттеу мәселесін мүлдем қозғауға болмайтындығын айтады.

«Қандай да бір шешім қабылдамас бұрын, мәселені егжей-тегжейлі зерделеу қажет. Мемлекет өз уақытында киіктердің санын қалпына келтіру үшін үлкен ресурстар жұмсады. Қазір ол тек қалпына келтіру сатысында, яғни ол әлі де максимумға жеткен жоқ. Сол себепті әзірге оларды атуға рұқсат беріп, санын азайту туралы сөз қозғауға ерте», - деді ғалым.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы – еліміздегі киіктер ең көп шоғырланған өңір. 2019 жылғы санақ бойынша БҚО аумағында 217 мың бас киік болған. 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты санақ жүрген жоқ. 2023 жылға дейін киіктерді ғылыми қолданыстан басқа мақсатта қолдануға заңмен тыйым салынған.


Соңғы жаңалықтар