Орал қаласында жаңа мектеп ғимараты ашылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде соңғы жылдары апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешуге мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп келе жатқаны мәлім.

Осыған орай «100 мектеп бағдарламасы» аясында апатты жағдайдағы 33-орта мектептің орнында жаңа ғимарат бой көтерді.

Мектептің ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев жиналған жұртшылықты Жаңа жыл мерекесі және осынау қуанышпен құттықтап, 1935 жылы салынған ескі ғимарат бұзылып, орнына жаңасы тұрғызылғанын атап өтті.

Өңір басшысы пандемияға, құрылыс материалдарының қыибаттауына қарамастан, нысанды уақтылы тапсырған мердігер ұйым «НұрКапСтройГаз» компаниясына ризашылығын білдірді.

Облыс басшысы атынан мектепке интерактивті панель тарту етілді.

Жаңа мектеп ғимаратында 17 кабинет интерактивті тақтамен жабдықталған. Барлық оқу кабинеттері интернетке қосылған. Химия, биология, физика кабинеттері цифрлық зертханалармен жабдықталған, робот техникасы, хореография кабинеті, Smart бөлмелері бар.

Сондай-ақ 20 орындық оқу залы бар мектеп кітапханасы, 70 орындық акт залы жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар