Орал қаласында 5 медицина қызметкері коронавирус жұқтырып алды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы тіркелген 18 науқастың (өсім – 2,1 пайыз) барлығы да – Орал қаласының тұрғындары, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соның ішінде бесеуі – медицина қызметкерлері.

Төрт науқас бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған. 11 адамнан эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша, ал 3 адамнан профилактикалық мақсатта зертханалық сынама алынған.

Науқастардың бәрі де облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды.

Сонымен қатар клиникалық белгілері жоқ 23 адам (3 маусымнан осы кезге дейін барлығы – 215) тіркелді.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен алынған мәліметке қарағанда, өңірде сырқаттанғандар саны 863-ке жетсе, соның 451-і жазылып шықты.

Қазіргі таңда 32 адам провизорлық, 135 адам карантиндік стационарда жатса, 1556 адам үйлерінде оқшауланған.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметованың айтуынша, қазіргі кезде бес адамның жағдайы өте ауыр. Екі емделуші жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Бұрын ауыр халде болған 2 жасар сәбидің жағдайы жақсарып келеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирусқа шалдыққан 7 адамның ауыр халде жатқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар