Оңтүстіктен ШҚО-ға есірткінің аса ірі партиялары жеткізіліп отырған

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының тәртіп сақшылары «қара» нарықта бағасы 21 млн теңгеден асатын есірткі партиясын тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора-2020» жедел алдын алу шарасы барысында қылмыстық топ мүшелерін ұстады. 34 және 39 жас аралығындағы үш ер адамның бірі Алматы қаласының тұрғыны болып шықты.

Олар каннабис есірткісінің аса ірі көлемдегі партияларын оңтүстік аймақтардан Шығыс Қазақстанға логистикалық компаниялар арқылы жеткізіп отырған.

«Күдіктілердің бірінің гаражын тінту кезінде екі сөмкеге салынған 7 полимерлі пакет табылды. Оның ішінде өткір иісі бар, жасыл түсті өсімдіктектес зат болған. Сараптама нәтижесінде, оның салмағы 30 келіден асатын кептірілген марихуана екені анықталды. Оның «Қара» нарықтағы құны 21 миллион теңгеден асады», - дейді департамент бастығы Сағат Мәдиев.

Сондай-ақ есірткіні орауға арналған заттар мен 1 миллион теңгеден астам ақша тәркіленген.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 277-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Заңды белден басқандар 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар