Оңтүстік Кореядағы су тасқынынан 3 адам қаза тапты

None
None
СЕУЛ. ҚазАқпарат – Оңтүстік Кореяда толассыз жауған жаңбыр мен күшті желдің салдарынан су тасқыны болып, үш адам қаза тапты және ондаған адам зардап шекті. Бұл туралы ҚазАқпарат Yonhap-қа сілтеме жасап хабарлады.

Табиғи апаттарға қарсы күрес басқармасының орталық штаб-пәтері бейсенбі кешке үш адамның өз автокөліктерінде өлі күйде табылғанын хабарлады. Олардың көліктері Пусан қаласындағы жерасты өткелінде су астында қалды. Сондай-ақ, бір адамның із-түзсіз жоғалғаны хабарлады.

Hyundai Motor негізгі зауыттары орналасқан Ульсан өнеркәсіптік қаласында да нөсер жаңбыр жауған. Оның мөлшері 215,5 миллиметрді құраған. Соның салдарынан қалада көшкін мен су тасқыны болған.

Табиғи апатқа қарсы күрес ұлттық орталығының мәліметінше, жалпы елде 195 адам эвакуацияланған.

Елдегі көлемі бойынша екінші қала саналатын Пусанда сағатына 80 мм жауған нөсер көптеген көшкіннің жүруіне себеп болған.

Тұрғындар әлеуметтік желілерде белсенді бөлісіп жатқан суреттерден жаңбыр суының ағыны жерасты метросына ағып жатқанын көруге болады. Көптеген автобустар жартылай суға батып қалған. Қала көшелері алып көлге айналған. Пусанда 162 үйдің су астында қалғаны тіркелген.

Ел астанасы Сеулде қала магистральдарының кейбір бөлігі су деңгейінің көтерілуіне байланысты жабылды. Кёнгидо провинциясында 1100 абоненттің жарығы уақытша сөніп қалған.

Метеорологтардың мәліметінше, Сеулде, Инчхонда және Кёнгидо провинциясында нөсер жұма күні тоқтайды.


Соңғы жаңалықтар