Оңтүстік Кореяда толассыз жауған нөсер жаңбырдан алты адам қаза тапты
Канвондо таулы провинциясындағы Чхунчхон қаласында, сондай-ақ Кёнгги провинциясы аумағына сағатына 100 мм жаңбыр жауған.
Сеулде оңтүстіктегі Каннам ауданында жолда ені 2 метр және тереңдігі 1,5 метрлік шұңқыр пайда болған. Билік жолды қалпына келтіріп жатыр. Сеулдің тағы бір ауданында билік су басқан үйлердің суын сорғызып, дауыл кезінде құлаған ағаштарды алып тастады.
Хан өзенінің бойындағы көптеген саябақтарға кіруге тыйым салынды, себебі өзендегі судың деңгейі бірден көтерілген. Бұдан бөлек, билік қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында таулы аймақтарға баруға шектеу салды.
Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық агенттіктің мәліметінше, қатты жауын-шашын салдарынан алты адам қаза тауып, сегізі із-түзсіз жоғалып кеткен. Кем дегенде 190 үй зақымдалып, 818 адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.
Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин осы жағдайға байланысты жоспарланған жазғы демалысынан бас тартты.