Оңтүстік Корея елшісі Ку Хонг-сок: Қазақстан – мүмкіндіктер елі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастық қалай жалғасып жатыр? Пандемия арадағы байланысқа қалай әсер етті? Кореядағы медициналық туризмнің құпиясы неде? Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ку Хонг-сок ҚазАқпаратқа берген сұхбатында осы сауалдар төңірегінде әңгіме өрбітті.

- Ку Хонг-сок мырза, сіз Корея Республикасының Елшісі қызметінде бір жылға жуық уақыт болдыңыз. Оңтүстік Корея Қазақстанмен ынтымақтастықтың қандай жаңа бағыттарын дамытуы мүмкін?

- Иә, расымен де осынау таңғажайып елде жұмыс істеп жүргеніме бір жыл болыпты. Осы уақыт ішінде арадағы ынтымақты нығайтуға үлес қоса алатыныма сенім ұялады.

Біз екіжақты қарым-қатынасты тереңдетеміз. Қалыптасқан жағдайға байланысты төрт бағыт бойынша мақсатқа қол жеткізе алар едік деп ойлаймын. Ең алдымен, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақты тереңдетуге болады. Біз пандемиямен байланысты қиын жағдайды бастан өткеріп жатырмыз. Алматыда жұмыс істейтін Medical Partners Korean Cliniс COVID-19-бен күрес кезінде ПТР-тесті өткізуге елеулі үлес қосты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл орталыққа өткен жылдың мамыр айында бас сұққан болатын. Ынтымақтастықты тереңдету үшін ауруханалар салу, медициналық қызметкерлерді тарту арқылы тәжірибе алмасу жобаларын іске асыруға мүмкіндік мол.

Екінші бағыт – мұнай-газ саласын дамыту. Сөзсіз, Қазақстан – Корея үшін мұнай мен газ экспорттайтын негізгі елдердің бірі. Қазақстан Үкіметі мұнай-газ саласын белсенді дамытуда. Мен Қазақстанның басқа да бағыттарды, мысалы, химия, мұнай-химия өнеркәсібін дамытып жатқанын білемін. Оңтүстік Корея Қазақстан үшін мұнай мен газ бойынша импорттаушы елдердің бірі болып қала бермек. Корея үкіметі мен кореялық компаниялар қайта өңдеу саласын ілгерілетуге өз үлестерін қосқысы келеді. Өз кезегінде мен осы салада жұмыс істейтін кореялық компанияларды Қазақстанда жұмыс істеуге шақырамын.

Үшіншіден, энергетика саласындағы, әсіресе, баламалы және жаңартылатын энергия көздері бойынша жаңа бағыттарға қатысты ынтымақтастықты атауға болады. Бұл бөлікте Корея өзінің озық технологияларымен танымал. Біз Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде, тіпті Америка құрлығында осы бағытта үлкен үлес қосқанымызды айтқым келеді.

Корея мен Қазақстан энергетиканың дәстүрлі секторларында жақсы байланыс орнатып жатыр. Қазір біздің елдің Үкіметі төмен көміртекті энергияға негізделген жаңа экологиялық саясатпен жұмыс істеуде. Қазақстан үкіметі де «Жасыл» экономика саясатымен жұмыс істеуде.

Корея - энергияның көп бөлігін атом электр станциялары арқылы жеткізетін елдердің бірі екенін атап өткім келеді. АЭС-тердегі қауіпсіздікті қатаң бақылайды. Кореяның бұл бағытта экспорттық әлеуетін арттырып жатыр. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінде атом электр станцияларын салды. Қазақстан Үкіметінің мүмкіндіктері болса, сондай-ақ азаматтардың өздері атом электр станциясын салу туралы ойланса, Корея серіктес болуға дайын. Қазірдің өзінде Қазақстан Кореяға ренийдің үлкен көлемін экспорттайды. Сонымен қатар, мен АЭС құрылысына қатысты қазақстандықтардың кейбір қорқыныштарын толық түсінемін және қауіпсіздік бәрінен жоғары екенін қайталаймын. Егер Қазақстан бір кездері электр станциясын салуды шешсе, жоғарыда айтып өткендей, біздің тарап осы мәселе аясында ынтымақтасуға дайын.

Төртіншіден, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Болашақта ақпараттық технологиялар маңызды болады деп ойлаймын. Корея – осы саладағы ең озық елдердің бірі. Жақында Корея үкіметі жаңа цифрлық келісімді бастады, оның аясында Корея ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында одан әрі өркендеуді жоспарлап отыр. Қазақстан Үкіметінің «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберіндегі ұзақ мерзімді мақсаттары да бар. Бұл мәселеде екі елдің мақсаттары өте ұқсас. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы біздің ынтымақтастығымыздың ең перспективалы бағыттарының бірі бола алар еді.

Осы төрт бағыт біздің ынтымақтастығымызға ерекше назар аудартады. «Кеңейту және әртараптандыру» – біздің ынтымақтастығымызды осылай атағым келеді. Екі елдің экономикасы өзара тиімді әрекеттесе отырып дами алады.

- Бүгінгі таңда Қазақстанда қанша корей компаниясы жұмыс істейді, олар қандай қызмет түрімен және қандай жаңа жобалармен айналысып жүр?

- Біздің Үкіметтің статистикасы бойынша, Қазақстанда 300-ден астам корей компаниясы өз бизнесін жүргізуде. Мен мұнда корей автомобильдері мен электроника саласындағы компаниялар кең таралғанын көріп жүрмін. Мысалы, Hyundai, Samsung, LG және т.б. Ірі компаниялар ғана емес, шағын және орта компаниялар да Қазақстанда бизнесті инвестициялауға және жүргізуге өте мүдделі.

Қазақстан Үкіметінің мәліметінше, елдегі кореялық инвестициялардың құны 8 миллиард долларға бағаланып отыр. Біз үшін, Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі инвестициялық бағыттардың бірі екені сөзсіз.

Мен автомобиль және электроника саласында жұмыс істейтін компаниялар туралы айттым. Құрылыста маманданған Highvill, SK Engineering & Construction Co, Ltd құрылыс компаниялары жұмыс істеп жүр. Cоның бірі Алматыда автомагистраль салып жатыр. Қаржы саласында Shinhan Bank жұмыс істейді. Қазақстандықтар корей тағамдарын да жақсы көреді. Супермаркеттерде Lotte өнімдерін таба аласыз. Қазақстанда көпшілік корей косметикасын қолданғанды ұнататынын білемін. Кореялық компаниялар Қазақстан нарығына қызығушылық танытуы көңіл қуантады.

- Коронавирус пандемиясы Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымына қалай әсер етті?

- Басқа елдермен салыстырғанда Қазақстан мен Кореяның сауда айналымы жоғары болып қалатыны сөзсіз.

Қазақстан Үкіметі ұсынған статистикалық деректер бойынша, 2019 жылы екіжақты сауда көлемі 6,5 миллиард АҚШ долларын құраған. 2020 жылы тауар айналымы 5,9 миллиард долларға дейін төмендеді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда шамамен 10 пайыз аз. Осылайша, екі ел арасындағы сауда көлемі 10 пайызға төмендеген. Бұл екі елдің ынтымақтастығы бірқалыпты жолға қойылғанын көрсетеді. Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстан біз үшін ең ірі сауда және инвестициялық әріптес болып саналады. Ал Корея – Қазақстан үшін төртінші сауда серіктесі. Коронавирус жойылғаннан кейін екі елдің қарым-қатынасы айтарлықтай ілгерілеуі керек. Біз екі ел азаматтарының арасындағы қарым-қатынасты дамыту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Адамдар арада еркін жүріп-тұруы керек. Байланыссыз кездесулер әлі де тиімді, бірақ мен іскерлік кездесулер мен кеңестерді көбірек көргім келеді. Бізге прогресс керек, сол үшін бізге өршіл мақсаттар қою қажет.

- Кореяға барып жатқан қазақстандықтардың саны белгілі ме? Пандемияға байланысты визаларсаны азайған жоқ па?

- 2019 жылы Оңтүстік Кореяға 50 мыңнан астам қазақстандық барған. Коронавирусқа байланысты біздің елге келген азаматтардың саны 10 мыңға дейін азайды. Пандемиямен күрес екі елдің басты басымдықтарының бірі болып қала береді. Естеріңізге сала кетейін, Корея үкіметі Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы әуе қатынасын жапқан жоқ. Әлемдегі елдердің көбі қалыпты өмірге көшіп жатыр деуге болады. Осыны көріп Корея мен Қазақстан әуе рейстерінің санын жаңарта алады деп үміттенуге болатын сияқты. Оңтүстік Кореяға сапарлайтын қазақстандықтардың саны болашақта артады деп сенемін.

- Туризмді, соның ішіндеекі ел арасында медициналық туризмді дамыту туралы не айта аласыз?

- Қазақстанға келер алдында Қазақстанның Оңтүстік Кореяға медициналық мақсатта туристерді жіберетін ірі елдердің бірі екенін білу мен үшін қызықты факт болған еді. Корея әлемдік деңгейдегі медициналық дағдыларды дамытуда. Мен қазақстандықтардың кореялық медицина орталықтарына не үшін қаптап келіп жатқанын сұрадым. Көбі тұтас тексеруден өту үшін немесе ота жасату үшін барады екен. Арадағы байланыстың дұрыс жолға қойылғаны және 7 сағаттық тікелей әуе рейсінің болуы қазақстандықтардың біздің елге медициналық туризм аясында саяхат жасауына жол ашып отыр.

Қазақстанда ауруханалар салу есебінен корей медицинасының көбірек орнығуын, сондай-ақ қазақстандық емделушілердің біздегі білікті медициналық жабдықтарға кеңінен қол жеткізгенін қалаймын. Сондай-ақ, қазақстандық мамандардың корей медициналық орталықтарында білімін жетілдіруіне болатынын айта кету керек.

- Ал Оңтүстік Кореяның өзінде қазір эпидемиологиялық жағдай қандай? Коронавируспен күресте өзге елдерге қалай көмектесіп жатырсыздар?

- Оңтүстік Корея пандемиядан зардап шеккен алғашқы елдердің бірі болды. Бірақ біздің ел COVID-19-бен тиімді күрескен елдердің бірі. Корея Үкіметіне пандемия жағдайын тиімді басқару жүктелді. Біріншіден, біздің Үкімет өз тәжірибесін басқа елдермен бөлісуге шешім қабылдады. Екіншіден, біз мұқтаж елдерге гуманитарлық көмек көрсетіп келеміз.

Былтыр екі ел үкіметтері мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының үшжақты ынтымақтастығының арқасында Корея Үкіметінен Қазақстанға 800 мың доллардың гуманитарлық көмегі жеткізілді. Біз ПТР-тест жиынтықтарын, маска, медициналық жиынтықтар ұсындық. Гуманитарлық көмек көрсеткен кезде Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі тиімді әрекет еткенін айту керек. Қазір коронавирус өршіп тұрған Үндістанға гуманитарлық көмекті көбейтуді жоспарлап отырмыз.

- Корея коронавирусқа қарсы өз вакцинасын шығарды ма? Өзіңіз вакцина алып үлгердіңіз бе?

- Қазақстан Үкіметіне ризашылығымды білдіргім келеді, қабылданған шаралардың арқасында мен толықтай вакцина алдым. Мен ғана емес, менің әріптестерім де, елшілік қызметкерлерінің көпшілігі де вакцина алды. Мұнда тұратын корей қауымдастығының көптеген өкілдері бұл ұсынысқа риза. Жеке өзім вакцинаға алғашқылардың бірі болып өтініш бердім. Менің мақсатым коронавирустық вакцинаның қаншалықты қауіпсіз екенін көрсету болды. Мен кейбір адамдарды вакцинаның қауіпсіздігіне алаңдайтынын түсінемін.

Толық вакцина алған елші ретінде вакцинация қоғамды әлдеқайда қауіпсіз ете алатынын атап өткім келеді.

Оңтүстік Кореяда 50 миллионнан астам адам тұрады. Ал ел үкіметі 100 млн дозаны қамт қойды. Вакцинаны Кореядағы шетел азаматтарыда ешбір кедергісіз қабылдай алады. Қазіргі таңда бізде Pfizer және AstraZeneca вакциналары егілуде. Бірқатар кореялық фармацевтикалық компания өздерінің вакциналарын жасап жатыр және қазір клиникалық зерттеулер жүргізуде. Үкімет отандық вакциналардың дамуын белсенді қолдап отыр. Кореялық компаниялар келесі жылға дейін толық рұқсат етілген вакциналарды жасай алады деп үміттенемін

- Қазақстандағы вакциналау науқанын қалай бағалар едіңіз?

- Мен Қазақстан Үкіметінің вакциналау бағытында атқарып жатқан шаруасына тәнтімін. QazVac дейтін отандық вакцина жасай алдыңыздар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вакциналарды жеткізуге баса мән беріп, азаматтарды тезірек вакцина алуға үндеп жүр. Мен оның вакцина алу қажеттігі туралы идеясын толық қолдаймын. Осы жылдың соңына қарай қазақстандықтар қалыпты өмірге толық оралады деп үміттенемін. Сондықтан мен Қазақстан Үкіметі мен халқы жақын арада бұл жағдайдан шығатынына толық сенімдімін.

- Оңтүстік Корея біздің елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаны қалай бағалайды және Қазақстан Оңтүстік Корея үшін несімен тартымды?

- 2019 жыл екі елдің қарым-қатынасы үшін есте қаларлық жыл болды. Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин Қазақстанға келіп, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен және ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен өте нәтижелі кездесулер өткізді. Сол кезде тараптар жаңа экономикалық қатынастар орнатуға келіскен болатын.

Қазір екі елдің үкіметтері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына болашақ сапарына қызу дайындалып жатыр.

Осы жыл арадағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін жақсы мүмкіндіктер әкеледі деп үміттенеміз.

Қазақстандағы саяси жағдай туралы өз пікірім бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізген реформалары әсерлі. Мен саяси реформаларды ашық әрі демократиялық жолмен жүргізіп жатқан Қазақстан Үкіметіне шын мәнінде алғыс айтқым келеді. Мен Қазақстан дұрыс жолда деп санаймын.

Тоқаев мырза реформаларға өзінің терең пайымы аясында баса назар аударып отыр. Қазақстан реформаларға даңғыл жол салып жатқанда Корея оны қолдау үшін бар күшін салады. Мұндағы жастардың ұмтылысын көре отырып, Қазақстан үлкен мүмкіндіктер елі деп айтуға болады. Қазақстанның жастары өте білімді және ақылды. Мен Қазақстанның мүмкіндіктер елі екеніне нық сенемін. Саяси көшбасшыларыңыз барлық реформаларды орындау Қазақстанның болашағын әлдеқайда жарқын ететініне сеніп отыр. Мен Қазақстанда бір жыл тұрғанда ел ішіндегі татулықты байқадым. Қазақстандықтарға қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтқым келеді.

- Елші мырза, сұхбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар