Онлайн оқытуды әр мектепке өз брендін қалыптастыратын мүмкіндік деп қарау керек - Ықылас Оразбайұлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытайдағы қалың қандастар арасынан еңбегімен еленіп, жұрттың ризашылығына бөленіп жүргендер аз емес. Осылайша көзге түсіп, жастарды ғылым-білімге, кәсіпкерлікке шақырып, болашақтарына бағыт-бағдар беріп келген білікті ұстаз, табысты кәсіпкер, IT саласының үздік маманы, фотограф, ақын Ықылас Оразбайұлы.

Ықылас Оразбайұлы 1983 жылы Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданы Алтай аймағы Көктоғай ауданында дүниеге келген. Ол «Тұран» компютер оқыту орталғын құрушы, фотоөнер саласында тұңғыш айналымға енген «куә бол» маркасының негізін қалаушы. Шыңжаңның 35 қаласында «Куә бол» фотосурет орталықтары жұмыс жасайды. Бүгінге дейін 40 мыңға жуық шакірт тәрбиелеген. «Құсыни ғалам» жыр жинағының авторы. Дүниежүзы қазақтар қауымдастығының 20 жылдығына орай өткізілген халықаралық жыр мүшайрасының бас жүлдегері.

- Ықылас Оразбайұлы, сізді танитындардың бәрі «жан-жақты адам» деп айтып жүр. Әртүрлі салаға бет бұруға қалай уақыт табасыз?

- «Минутпен санассаң бәріне үлгіресің» деген пәлсапаны көп қайталайтын адаммын. Әр күні таңмен бірге тұрып шет тілін үйренемін, программистік қабілетімді жетілдіріп, IT саласындағы жаңалықтарды қараймын. Біздің елде негізінен сағат 10-ды көрсеткенде ғана тіршілік басталып, сәске түске дейін қызу тіршілік соншалықты болмайды. Дәл сол кезге дейін мен күнделікті білім жинау нормамды орындаймын да, сосын компаниямыздың үлкендіـкішлі жұмыстарына жүгіремін. Үйренемін деген жанға қазір бәрі қолайлы ғой. Телефон арқылы бәрін де атқаруға болады, ең ақыры қыруар білім де сол телефон арқылы да алуға болады.

- Дегенмен, қай сала өзіңе ең жақын?

- Соңғы онжылдықтар ішінде қазақ арасында басқасынан бұрын бір ғана сала қатты дамыды, ол ـ той бизнесі. Сол салада 10 жылға тарта жұмыс жасап, Шыңжаңның 35 қаласында «Куә бол» атты фотосурет орталықтарын аштым. Әрбір орталықта 5-10 адамнан жұмыспен қамтылды. Өзің айтқандай «әр шөптің басын бір шалып» тұрмыстың айдауымен түрлі салаларда еңбектеніп жүргенім шындық. Университет есігін әдебиетпен ашып, қоғам есігіне кәсіпкерлікпен қадам тастадық. Еліміз қалай болса, бөркіміз де солай болды.

Өзіме ең жақын сала деп білім саласын айтар едім. Білім саласы дамымай басқа салалардың шамы жанып, шаңырағы биіктемесі шындық.

- Қазақ «әр нәрсенің қайыры бар» деп жатады. Коронавирус ықпалынан болған әлемдік дағдарыстың қандай «қайыры» бар деп ойлайсыз?

- Жалпы коронавирус әлемдік экономикаға үлкен соққы бергені рас. Дегенмен бұл дағдарыс адамзатқа жаңа жол іздеуге ынталандырды. Әсіресе жасанды зерде (жасанды интеллект) саласы жақсы жаңалықтарымен ерекшеленді. Мысалы пандемия қарсаңында шопырсыз жүретін машиналар қолданысқа енді, тамақ таситын дрондар пайда болды, қашықтан дене температурасын өлшейтін құралдар ойлап табылды. Сонымен бірге алыстан емдеу, онлайн оқыту саласы дамыды. Жалпы тарихқа қарасақ кезіндегі халықты қынадай қырған обалардан кейін медицина біртіндеп дамыды, ғылым мен техника өрістеді, өнеркәсіп төңкерістері туды. Тарих қайталанып отыратыны секілді, бұл ауру бүгінгі әлемге үлкен ғылыми-техникалық төңкеріс әкеледі деп ойлаймын. Бүкіл әлемдегі озық елдердің бәрі қазір ғалымдардың жағдайын жасап жатыр. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ғылым-білім саласына ерекше назар аударып, «Біз ғылымсыз еліміздің дамуын қамтамасыз ете алмаймыз» деген болатын. Мен бұл дағдарыстың соңында үлкен оң өзгеріс күтіп тұр деп ойлаймын.

- Карантин бізге не берді? Қазақ жастарына қандай өзгеріс керек?

- Карантин қазақ еліне де көптеген жаңа өзгерістер әкелген секілді. Бізде ақсап тұрған интернет сауданың да күрт дамығанын көріп отырмыз. Карантин кезінде мен де интернет саудасына көп жүгіндім. Бұрынғыға қарағанда тасымалдау жылдамдығы тездегенін байқадым. Интернет саудасы үшін біріншіден қала, облысаралық жолдардың іркіліксіз болуы да маңызды. Екіншіден, тұтыну дағдысы қалыптасуы керек. Карантин кезінде үйде отырып кафеден түрлі тағамдарды тапсырыс беретін адамдардың да саны көбейген. Демек карантиін бізді интернеттің виртуалды әлеміне енгізіп жібергендей болды. Енді осы орайда халықтың қажетін түсіне білген талантты жастарымыздың арасынан жаңа миллионерлер шығатынына сенемін. Кәсіпкерліктегі орай, яғни кәсіпкерліктегі шанс дегеніміз адамдардың тұтыну көзқарасы мен дағдысының озгерісін дөп басуы ғой.

- Бұл пандемия бүгінгі дамыған әлемнің қандай әлсіз тұстарын көрсетіп берді?

- Адамзаттың ең мықты жетістігінің бірі урбанизация, қалалық өркениет деп келген едік, коронавирус біздің сол түсінгіміздің кереметтей дұрыс еместігін дәлелдеді. Жылдар бойы құлшынып қаладан алған қос ауызды пәтерін қала маңайындағы, тіпті ауылдағы жер үйге алмастыра салғандарды да көрдік.

Ғалымдардың тұжырымын оң жағынан да, сол жағынан да терістеп тоқтамаған тұрлаусыз вирус тіршілік әлемінде біздің ақылымыз жете бермейтін тылсымның жатқанын дәлелдеп берді. Бүкіл адамзат макро ғалам кеңістігімен қатар микро жаратылысты да ішкерлей зерттеуіне тура келді.

Адамзат қоғамындағы ең ірі ілгерлеулер әр реткі тарихи жұғымтал-жұқпалы ауырулардан кейін болған. Егер отар-отар қойға ұзақ уақыт бойы қасқыр тимесе ол мал да індетке ұшырағыш, бойкүйез, дімкәс болып қалады екен. Сол адамзат қоғамындағы бір ғасырға таяу жалғасқан тыныштық, оған қосылған «табиғатты бойсындырамын» деген менмендіктің соңы осыған әкелді-әу деп ойлаймын…

- Биыл барлық мектептер, жоғары оқу орындары онлайн оқу үрдісіне көшті. Ал сіздің онлайн сабақ беріп келе жатқаныңызға 10 жылдай болып қалған екен. Жалпы біздің мектептер онлайн оқуға қаншалық дайын болды деп ойлайсыз?

- Шыны керек, оқушылардың басым көбінде компьютер болған жоқ, мұғалімдердің біразында дені дұрыс қуатты смартфон болмады. Ал ауылдардың барлығында интернет сайрап тұр деп ешкім айта алмайды. Жалпы онлайн оқытуға тек мектептер ғана емес, бүкіл қоғам дайын болмай шықты. Интернеті жоқ ауылда қайдағы онлайн оқу. Өз басыма келсем, онлайн оқыту әр мектеп үшін үлкен бренд қалыптастыратын мүмкіндік деп қараймын. Егер әр мектеп өз «брендін» сайлай алса, жетілдіре алса, ең мықты ұстаздарға ең жақсы шарт қойылып, жағдай жасалса, онда сабақ сапасы күрт жоғарлайтын еді. Мен 10 жыл бойы интернет арқылы сабақ беріп келемін, әр рет өткен сабақтарымды жаңалаймын, бағасын арзандатып, сапасын жоғарлатамын, бұл бәсекеге дайындық. Мектеп ұстаздарында сондай бәсеке болса бәрі оңалар еді.

- Жалпы, онлайн оқытудың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай деп ойлайсың?

- Онлайн оқытудың кемшілігі: оқушы өзін өзі басқарып, уақытын меңгере алмай қалуы мүмкін. Яғни, оқушыға қадағалаушы бәрібір керек. Қадағалаушы болмаған жағдайда да онлайнның өзі оқуды үйрене алатын адамды қажет етеді. Сосын онлайн, негізінен бастауыш мектеп оқушыларына үйлеспейді. Ал артықшылығы ретінде білім алушы үшін қолжетімділігін әрі қай жағынан алып қарағанда да қолайлығын айтуға болады. Бір мұғалім бір жолда жүздеген адамға сабақ беру мүмкіндгі бар. Оқушы ұстазды таңдай алады. Ұстаз бір жасаған еңбегін жылда қайталамай, уақытын тек өзін дамытуға арнай алады. Бір сөзбен айтсам, онлайн оқу - бастауыш мектептен басқа, жоғары сыныптардағы өзін басқара алатын барлық адамға үйлеседі. Демек сауаты бар адамға интернет шексіз білім дариясы.

-Онлайн сабақ дайындаудың тиімді әдістері туралы не айтасыз?

-Онлайн сабақ дайындаудың үздік программалары күн сайын кемелденіп келеді. Мектепте сабақ беруден айырмашылығы, онлайн сабақты мұғалім барынша қысқа әрі қызықты етіп сөйлей білуі керек. Дыбыс, сурет, видеоларды, тіпті сабақ мазмұнына бағытталып жасалған 3d ойындарын пайдалануға да мүмкіндік бар. Бұрынғыдай тек қара тақта мен ақ борға ғана шектеліп қалмайсыз. Бұл ұстаздар үшін үлкен жасампаздық мүмкіндігі келгенін көрсетеді.

- Осыған дейін қанша шәкірт тәрбиеледіңіз? Олар қай саланың мамандары?

- Меннен білім алып, лекция тыңдаған шәкірттермінің жалпы саны 40 мың адамнан асты. Бастысы компьютерлік технология төңірегіндегі білім, әр-түрлі программаларды істеп үйрету, видео-фото түсіру өнері және кәсіпкерлік бағыттағы білімдер.

- Бір сөзіңізде «ғаламтор университетін құрғым келеді» деген едіңіз. Қазір әлем осы бағытта бейімделіп келеді.

- «Өз» деп аталатын онлайн білім қамбасын құрдым. Қазір онда 200-ге тарта ұстаз сабақ береді. Жалпы 100 мыңға жуық оқушыға қызмет көрсетуде. Енді қазақ еліне бағытталған арнаулы оқыту жүйесін де зерттеп жасау туралы ойымыз бар.

- Қазақ елінің IT саласындағы дамуына қалай баға бересіз. Бұрын жасыратыны жоқ, бұл салада өзге ұлт өкілдерін көп көретін едік. Қазір техникалық мамандықтарды меңгергісі келетін жастар көбейіп келе жатқан секілді.

- Біздің қазақ жастары шетінен зерек деп айтуға болады. Бірақ тиісті білім алу, қажетті біліммен қамту ауқымға айналмай тұр. Өйткені жалпы қоғамда білімді адамдардың күн-көріс деңгейі мен қоғамдық ықпалы тым жоғары емес. Сонау мың жыл бұрын Әбу Насыр Әл Фараби бабамыз «Білімді қадыр тұтпайтын ортадан қаш…» деп еді. Осы тұрғыдан алсақ, өкінішке қарай, қазір біздің білімді жастарға «сыртқа қашу» немесе «өзгерту үшін күресу» деген екі-ақ талғам қалған сияқты...

- Сіз қайсысын таңдар едіңіз?

- Мен әлде қашан соңғысын таңдап болдым деп ойлаймын. Көктем сайын ағаш екпеген адамның жерім деп күрескені өтірік, ағартушылықпен шұғылданып көрмеген адамның білім деп күрескені өтірік.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар