Өңірлерге 100 медициналық кешен жеткізіледі - Ажар Ғиният

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 23 қазанға дейін өңірлерге 100 медициналық кешен жеткізіледі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Уақытылы диагноз қою үшін аудандық ауруханалар 53 рентген аппаратымен толық жабдықталды. 23 қазанға дейін өңірлерге 100 медициналық кешен жеткізіледі. Оның ішінде қазіргі таңда 25 жылжымалы медициналық кешен өңірлерге жеткізіліп отыр. Олардың ішіне зертханалық, рентген аппараттары орнатылған, терапевт, гинеколог сынды кадрлары бар. Бүкіл ауыл-аймақты аралап, медициналық көмек көрсететін болады», - деді Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, барлық аймақтағы ауруханаларды өкпені жасанды желдету аппаратымен қамту жұмыстары жүргізілуде. Қазір елімізде мұндай аппараттардың саны 4 мыңнан асты. Барлық аурухана қамтамасыз етілді.

«Қазақстан зауыттарында 376 жедел жәрдем көліктері құрастырылып, оның 220-сы өңірлерге жіберілді. Қалған 156-сы алдағы уақытта жеткізіледі. Бүгінгі күні халықты дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен қамту министрліктің бақылауында. Былтыр амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету 45 ауру бойынша қамтылса, биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында 105 ауруға дәрілік заттар тегін беріліп жатыр», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар