Өңірлерде коронавирус жұқтырғандар саны артып барады - Біртанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өңірлерде коронавирус жұқтырғандар саны артып барады. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 2 аптаның деректерін көрсек, өкінішке қарай карантин шаралары жеңілдегеннен кейін кей өңірлерде науқастар саны артқанын көріп отырмыз. Өсім деңгейі көтеріліп келе жатыр. Бұл да - өте маңызды мәселе. Айталық, 15 мамыр мен 24 мамыр аралығында елімізде 2 800 науқас тіркелсе, өткен аптада 25 мамырдан маусымның 3-іне дейін 3500 науқас тіркелді. Өсім 25 пайызға артты», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Осы ретте министр қатаң шаралар қабылдап, вирустың таралуын төмендетуге болатынын атап өтті.

«Бірақ, тәжірибе қатаң шаралардың шешім еместігін көрсетіп берді. Оны сыни сәттерде қолдануға болады. Науқастар саны күрт көтерілген алғашқы толқын кезінде оның тиімді болғанын көріп отырмыз. Карантин шараларын сақтау арқылы аурулардың саны арта түскенімен өсімнің тұрақты қарқынына қол жеткіздік. Толықтай алғанда, елімізде өсім қарқыны - 5 пайыз шегінде. Халық арасындағы әлеуметтік және экономикалқ ахуалды жақсартуға бағытталған жеңілдету шаралары қарапайым өмірге оралғандай сезім тудырмауы тиіс», - деді Елжан Біртанов.


Соңғы жаңалықтар