Өңірлерде анықталған коронавирустың жаңа жағдайлары туралы мәлімет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қызылорда, Атырау және Түркістан, Павлодар облыстарында коронавирус індетін жұқтырудың жаңа жағдайлары науқас адамдармен байланыста болғандар арасында анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 10 сәуір сағат 20.15-тегі жағдай бойынша, Қазақстанда инфекцияға шалдығудың жаңадан 6 оқиғасы тіркелді. Оның ішінде Алматы қаласында - 1, Павлодар облысында – 1, Атырау облысында - 2, Қызылорда облысында - 1, Түркістан облысында 1 адам анықталды.

Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабынан мәлім еткендей, Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 49 жастағы науқас Сырдария ауданы, Амангелді ауылының тұрғыны. Ол індетке шалдыққан адаммен қарым-қатынаста болған. Соған байланысты одан зертханалық сынамалар алынып, COVID-19 диагнозы расталған. Қазіргі таңда бекітілген хаттамаға сәйкес ем жүргізілуде.

Соңғы ресми мәліметке сәйкес, Қызылорда облысында індетті жұқтырған 105 адам бар.

Атырау облысында COVID-19 2 адамнан анықталды. Екеуі де Атырау қаласында тіркелді. Олар бұған дейін науқаспен қарым-қатынаста болған.

«Олардан зертханалық сынамалар алынып, ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша COVID-19 диагнозы анықталды. Олар жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Жағдайлары қазір қанағаттанарлық, бекітілген хаттамаға сәйкес ем алуда. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды. Ауру ошақтарында эпидемиологиялық тексеру, дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр», - делінген Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабының ақпаратында.

Соңғы деректерге сәйкес, Атырау облысында COVID-19 барлығы 47 адамнан анықталды.

Сондай-ақ инфекциясын жұқтырған тағы 1 адам Түркістан облысында тіркелді.

«Арыс қаласының тұрғыны вирус жұқтырған адаммен тығыз қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылған. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес зертханалық сынамалар алынып, диагноз нақтыланды. Қазіргі таңда жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде. Науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында эпидемиологиялық тексеру, дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабынан.

Осы уақытта Түркістан облысында COVID-19 індетінің расталған 35 оқиғасы бар: Жетісайда – 14, Ордабасыда – 2, Сайрамда – 2, Мақтааралда – 4, Сарыағашта – 1, Кентауда – 5, Арыста – 7 адам.

Павлодар облысында жаңадан тіркелген науқас жедел жәрдем қызметінің фельдшері екенін бұған дейін жазған болатынбыз. Ол қайтыс болған сырқат адаммен байланыста болған.

10 сәуір сағат 20.15-тегі соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда індетке шалдыққандар саны 808-ге жетті.


Соңғы жаңалықтар