Өңірлер жаңа жұмыспен қамту жол картасын сапалы іске асыруы керек – Үкімет басшысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әкімдер мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жаңа жұмыспен қамту Жол картасын сапалы әрі тиімді іске асыруы керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік төлемдерді алушылар қатары кеңейеді. Оның ішінде жұмысынан айырылғандар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз кейбір топтары бар. Шамамен 3 млн қазақстандық 42500 теңге сомасында төлемақы алатын болады. Көпбалалы отбасыларға, жұмыссыздарға тұрақты негізде тұрмыстық азық-түлік жиынтығы тегін берілетін болады. Бұл шарамен 800 мыңнан аса адам қамтылады», - деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар, ол Президент мәлімдемесінде атап өтілгендей, банктер халық пен бизнеске көмектесуі керектігін жеткізді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп, тиісті ұсыныстарды әзірлеуі тапсырылды.

«Әкімдер мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жаңа жұмыспен қамту Жол картасын сапалы әрі тиімді іске асыруды, әлеуметтік қолдаудың барлық түрлерін төлеуді қамтамасыз етсін», - деді Асқар Мамин.

Айта кетейік, Премьер-Министр Үкімет дағдарысқа қарсы бірқатар шараларды іске асыратынын мәлім етті.

Салыққа жасалатын жеңілдіктер 700 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісіне қолданылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов төтенше жағдай кезеңінде салықты мәжбүрлеп өндіру тоқтатылатынын айтты.


Соңғы жаңалықтар