Өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылады – заң жобасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту бойынша уәкілетті органға тиісті құзырет анықталып отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында тиісті заң жорбасын бірінші оқылымда қарау кезінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында өңдеу секторының маңызды проблемасы шикізатқа қол жеткізу мәселесін заң жүзінде шешуді баса тапсырды. Біз өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету механизмін пысықтап, барлық мүдделі тараптармен келісу бойынша жұмыс атқардық. Заң жобасы аясында өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту бойынша уәкілетті органға тиісті құзырет анықталып отыр (Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі)», - деді Б. Атамқұлов.

Оның айтуынша, тиімді өнеркәсіптік саясат - өнеркәсіптік, сауда, инвестициялық, инновациялық және басқа компоненттердің өзара байланысы. Мұндай жағдайларда теңдестірілген және кешенді өнеркәсіптік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл үшін заң жобасында Өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссияны құру көзделген.

«Ведомствоаралық комиссия проблемаларды ашық түрде талқылау және өзара қолайлы шешімдерді табу үшін алаң болады.

Заң жобасында ішкі және сыртқы нарықтарда ілгерілету бойынша қадамдар көзделген», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Белгілі болғандай, өнеркәсіптік саясат аясында бизнес үшін ынталандырудың 20-ға жуық іс-шаралары қолжетімді болады.

Заң жобасында сондай-ақ Өнеркәсіпті дамыту қорының жұмыс істеу мәселелері реттелген. Қор жабдықтарды сатып алуға лизингтік қаржыландыру, сондай-ақ 3 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойынша өнеркәсіптік-инновациялық жобаларға жеңілдікпен кредит беру сияқты ынталандыру іс-шараларының операторы болады.


Соңғы жаңалықтар