Өнерімен талайды таңқалдырған жармыштық шебер бар білгенін балаларға үйретіп жүр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының Жармыш ауылында тұратын Сәттіғали Шәдібаев - суретші әрі ағаш шебері. Ол жастайынан ағаштан ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдарды жасаумен айналысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстау өлкесінде туып-өскен ол өнерімен талайды таңқалдырып жүр.

Ұстаның шеберханасы - өз үйі. Шығармашыл жанның қолынан шыққан туындылар бөлмесіне кіргенде бірден көзге түседі.

«Қолымыздан келген, идеямыздан туындаған дүниелерді дайындап жатырмын. Мәселен, балаларға арналған ағаш бесік, домбыра, ұршық, қазақтың бес қаруы да осы шеберханадан табылады. Жалпы ағаштан түйін түйіп, сурет салуды бозбала кезімнен бастадым. Шеберлік қабілет әке-шешемнен дарығанымен, бала арманым суретші болуға жетеледі. Кәсіби білім алып, шәкірттеріме үйретіп жүрмін»,-дейді Сәттіғали Шәдібаев.

Жармыштық шебер - мектепте мұғалім. Ол оқушыларға сызу, бейнелеу және технология пәнінен сабақ береді.

Ұстаға алыс-жақын облыстардан да тапсырыс берушілер өте көп.

Бірнеше өнерді бірдей меңгерген Сәттіғали Шәдібаев - керемет қылқалам шебері. Ол көптеген атақты тұлғалардың портретін салған.

Мәселен, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың кескінін қағазға түсірген.

Шебердің туындылары бірнеше көрме, байқауларға қатысып, жүлдегер атанған.


Соңғы жаңалықтар