Өнер адамдары онлайн концерт беріп, дәріс өткізуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Адамзат баласының басына төнген нәубет бізді де айналып өтпеді. Тарихта қаншама жұқпалы аурулар болған. Ғылым дамымаған, техника болмаған заманның өзінде сақтық шараларын жасағандар аман қалған.

Амандықтың жалғыз жолы - үйден шықпау. Алдыңғы шептегі қызметкерлер болмаса, басқасы онлайн жұмысқа көшті. Ұстаздар да. Ал өнер саласындағы ұстаздың басты қаруы - әні, күйі, жыры. Тарихта ауырып не қайғыдан бүк түсіп жатып қалғандарды «әнмен, күймен емдепті» деген мысал көп. Сол дәстүрді жаңғыртып, өнер иелері қоңыр үнді домбыра мен көне қобыз сарынымен халықтың алаңдаулы көңілін баспаққа кірісті.

Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстаздары үйден шықпай, бірі - концерт , бірі - шеберлік дәрісін беруді бастады. Өнерпаздардың Facebook желісіндегі жеке парақшаларында #ÓNERONLINE хэштегімен басталған дәстүр төтенше жағдай аяқталғанша жалғаспақ.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Мақсат Медеубек 25 наурызда «Қобыз – Қорқыттан қалған аңыз» , 26 наурызда Бауыржан Бекмұханбеттің «Жетісудың оңтүстік шығысындағы күйшілік дәстүрі» атты лекция-концерт берді. Бүгін 27 наурызда «Халық музыкасы» факультетінің деканы, PhD докторы Ержан Жәмеңкеевтің «Қазақтың домбырадағы әзіл күйлері» тақырыбындағы дәрісі тікелей эфирде өтті.


Соңғы жаңалықтар