«Өнеге-Бисен-Сайқын» автожолы келесі жылы пайдалануға беріледі

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Таяуда БҚО-дағы республикалық маңызы бар жолдардың нашар жағдайы Президенттің назарына іліккен еді. Бүгінде бұл өңірде қызу жол салу жұмысы жүріп жатыр. Соның бірі - «Өнеге-Бисен-Сайқын» тасжолы. Осы орайда «ҚазАвтоЖол» АҚ ұлттық компаниясы БҚО филиалының директоры Қазбек Мәмбетов жұмыс барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өнеге-Бисен-Сайқын» тасжолында ауқымды жұмыс басталды. Жол салу 2 учаске де жүріп жатыр. Бірі 0-ден 50-ші шақырым аралығы, екінші учаске 50-ден 103-ке дейін. Аталған бағыттағы жолдың ұзындығы 103 шақырымды құрайды. 2 мердігер компания жұмыс істеп жатыр, екеуі де жергілікті. Жұмысшылар мен техника жеткілікті, бір ғана мәселе жол құрылысы материалдарын жеткізу жағынан кедергілер бар. Мәселені шешу үшін бүгінде Қазақстан темір жолы компаниясымен келісім жүргізіп жатырмыз. Жол құрылысы материалдарын жеткізетін вагон санын арттыруды сұрап отырмыз», - деді Қазбек Мәмбетов баспасөз туры барысында.

«Өнеге-Бисен-Сайқын» тасжолын салуға 170-ке жуық жұмысшы мен 100-ден астам техника жұмылдырылды.

«Қазіргі уақытта 12 шақырым асфальт төселді. Жер төсемін орнату, жол төсемесінің төменгі құрылымын салу және тағы сол сияқты жұмыстар жалғасып жатыр. Сондай-ақ, инертті және құрылыс материалдарын дайындау жұмыстары да қатар жатыр. Жолды қолданысқа 2023 жылдың соңында беру жоспарланып отыр», - дейді ол.

Еске сала кетсек, таяуда БҚО-дағы күре жолдар проблемасы Президенттің назарына іліккен еді.

Мемлекет басшысы ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан Батыс Қазақстан облысындағы жол проблемасы бойынша Үкіметке және аймақ басшысына тапсырма жүктеді.

Бұған дейін БҚО-да жол салу және жөндеу жұмыстарының қалай жүріп жатқанын баяндаған едік.

Соңғы жаңалықтар