Өмірзақ Шөкеев құрылысшылармен кездесті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев құрылыс алаңдарын аралап, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Sembol construction» түрік компаниясы қолға алған «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешен құрылысшыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өмірзақ Шөкеев Түркістанның дамуына үлес қосқан құрылысшылар еңбегінің елеулі екеніне тоқталды.

«Түркістан қаласында ірі жобаны жүзеге асырып, шаһардың дамуына үлкен үлес қосып жатқан сіздердің еңбектеріңіз елеулі. Бұл жұмыстардың ауқымы кең, өте күрделі. Белгіленген кестеге сәйкес жүріп жатқанын көріп тұрмын. Ол үшін сіздерге айтар алғысым ерекше. Жұмыс барысында қандай да бір мәселелер туындап жатса, біз өздеріңізге көмек қолын созуға әрқашанда дайынбыз»,-деді облыс әкімі.

Құны 39 млрд теңге тұратын әлемде теңдесі жоқ халықаралық деңгейдегі туристік кешенде заманауи қонақ үйлер, шығыс базары, мейрамханалар іске қосылып, жасанды көл пайда болады. Құрылыстың жалпы аумағы 200 мың шаршы метрден асады. Терең тарихымен танымал Түркістанның басты байлығы Қ. А. Ясауи кесенесінің маңында бой көтеріп жатқан бірегей жобада көне шаһардың көрінісі сақталған. Құрылыс жұмыстары алдағы қазан айында аяқталады деп күтілуде.


Соңғы жаңалықтар