Өмірзақ Шөкеев коронавирусқа қарсы күреске дайындық жұмыстарын пысықтады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында COVID-19 вирусын жұқтырған науқастар анықталған жағдайда инфекцияның таралуын болдырмау үшін қауіпті ошақтар қоршауға алынады. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудандардың дертке қарсы күрестегі дайындық жұмыстарын пысықтауға арналған апталық лездеме отырысында атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы жиында әр аудан басшысына 100 адамдық оқшаулау орындарын дайындауды жүктеді. Коронавирустық инфекцияның таралуына тосқауыл қою шараларын күшейтіп, барынша сақтық шараларын қолға алуды тапсырды.

«Кез келген жағдайға тас-түйін дайын тұру керек. Әрбір азаматымыздың амандығын ойлай отырып, зор жауапкершілік танытып, дайындық жұмыстарына тыңғылықты және мұқият қарау керек. Дертке қарсы күрес үшін қажетті барлық жағдай жан-жақты жасалуы тиіс», – деді Өмірзақ Шөкеев.


Жиында, сондай-ақ, өңірде қауіпті кеселге ұқсас клиникасы бар азаматтардың диагноздарын анықтау мақсатында 240 төсек-орынға провизорлық госпитальдар қарастырылғаны айтылды. Сала мамандарының сөзінше, барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімдері дайындық жағдайына келтірілген. Қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін облыс аумағына 505 төсек-орынға обсервациялық орталықтар ашылған. Онда 300-ден астам медицина саласының қызметкерлері қызмет көрсетеді.


Оқшаулау орындарында өкпені жасанды желдету медициналық құрал-жабдықтарының санын арттырып, қажетті дәрі-дәрмек қорымен толық қамтылған. Блок-бекеттерде медициналық қызметкерлер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, қосымша тапсырыстар берілген. Барлық медициналық ұйымдардағы медициналық қызметкерлер коронавирустың клиникасы, емдеу және диагностикалау бойынша тұрақты түрде дайындық шараларынан өтуде.


Соңғы жаңалықтар