Өмірзақ Шөкеев індеттен көз жұмған жандардың отбасыларына көңіл айтты

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Түркістан облысында өткен Аза тұту шарасына қатысқан өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айтты. Аймақ басшысы өз сөзінде өңірдегі Covid-19 індетінің алдын алу, сақтану, шектеу және науқастарды емдеу шаралары қолға алынғанын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өмірзақ Шөкеев науқастарды емдеу, сауықтыру мекемелерінде төсек-орындар мен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екенін жеткізді. Облыс тұрғындарын қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықты сақтап, шектеу шараларын мейлінше ұстануға шақырды.

« Құрметті түркістандықтар! Қадірменді жерлестер! 2020 жылғы 13 шілдені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустық инфекциядан қаза тапқандарды еске алу – Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Биылғы жылғы коронавирустық инфекция әлем бойынша алапат шығын әкелді. Аталған дерттің салқыны елімізді де айналып өткен жоқ. Соңғы екі-үш айда қаншама отандастарымыз бен жерлестеріміз осы дерттен көз жұмып, қабырғамызды қайыстырып кетті. Біздің мемлекетіміз үшін әрбір адамның өмірі қымбат. Десек те, аты жаман індеттен қаншама отбасы қара жамылып, ұл-қыздары, туған-туыстары қайғы-қасіретке душар болды. Осы ретте мезгілсіз дүниеден өткен марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Қазақта «Тас түскен жеріне - ауыр» деген сөз бар, ендеше бекем болыңыздар! Мен Сіздердің қайғыларыңызға ортақпын», - деді Өмірзақ Естайұлы.

Соңғы жаңалықтар