Өмірзақ Шөкеев: 1 қарашаға дейін Арыстағы барлық жұмыс аяқталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН - ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстары мен қаланың бүгінгі тіршілігі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арысты қалпына келтіру туралы айтсақ, аз уақыт ішінде қаншама жұмыс атқарылды. Мұндай қираудан кейін қайта қалпына келтіруге жарты, кейде бір жыл уақыт кетеді. Оқиға 24 маусым күні болды, уақытында шұғыл шаралар қабылданды. Қаланы сектор бойынша жөндеу туралы шешім қабылданды. Біз құрылысшыларға қаланы 2-3 айдың ішінде қалпына келтіруді тапсырдық. Қираған үйлерді қайта тұрғызу оңай жұмыс емес, дегенмен 2 айдың ішінде үйлердің 90 пайызы дайын болды. Қазіргі уақытта қираған жеке және көпқабатты үйлердің құрылысына қатысты жұмыстар жүріп жатыр. Жұмыс бақылауда және 1 қарашаға дейін бітуі тиіс», - деді Ө.Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзінше, қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын Арыс тұрғындарының өздері аяқтай алады.

«Тұрғындар «асықтырмаңыздар, бізге сапалы болғаны маңызды» деп отыр. Сондықтан Арыста бүгінгі күні проблема жоқ деп ойлаймыз. Суық түскенше барлық тұрғын өз үйіне кіретініне сенімдіміз», - деді ол.

Одан бөлек, облыс басшысы Арыстағы жағдайды жеке басының қамы үшін пайдаланғысы келген жандар туралы айтты.

«Оқыс оқиғаны ұтымды пайдаланғысы келген түрлі ниетті адамдар болды. Бұл жерде үйдің жағдайына қатысты бағаны әкім емес, министр емес, арнайы институт мамандары берді. Яғни үйді қирату керек пе, әлде қайта қалпына келтіру қажет пе - оны мамандар шешеді. Дегенмен сотқа жүгінгендер де, жаңа үй үшін таласқа түскендер де, өз үйін әдейі бұзған адамдар да болды. Осы секілді 100-ге жуық адаммен арнайы жұмыс жүргізілді. Қазіргі таңда қалада жағдай бірқалыпты. Қала өзгерген және ең бастысы барлық әлеуметтік нысандар (мектеп, аурухана, мәдениет кешендері) жаңаланып, жұмысын жалғастыруда. Осы орайда ең алдымен арыстықтарға және қаланы қалпына келтіруге үлес қосқан барлық азаматтарға алғыс айтамыз», - деді Ө.Шөкеев.

Соңғы жаңалықтар