Өлкетанушы: Саяси қуғын-сүргін құрбандарын тұтас ақтайтын құжат қабылдануы тиіс

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өлкетанушы Айболат Құрымбаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын тұтас ақтайтын құжаттық акт қабылдау қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай пікірді ол Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесі өткізген республикалық семинарда айтты.

«Батыс Қазақстан делегациясы қазіргі уақытта Алматы қаласында 10 күндік іссапарға шығып, архивтерде жұмыс істеп жатыр. Осы жұмысқа Президент архиві мен Ұлттық кітапхана тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Өңіріміздің архивіндегі құжаттар онлайн форматта да қолжетімді. Бұл жүгімізді біршама жеңілдетіп, уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Осы орайда еліміздің түкпір-түкпіріндегі архивтерге мәліметтерді сайтқа жариялау жайлы ұсыныс жасағым келеді», - деді Айболат Құрымбаев.

БҚО өңірлік жұмыс тобының жетекшісінің айтуынша, 2009 жылы «Босқындар туралы» ҚР Заңында және 1951 жылғы «БҰҰ босқындар мәртебесі туралы Женева конфенциясында» адамды босқын деп танудың шарттары көрсетілген.

Ал қуғын-сүргін құрбандары туралы архив деректерінде босқындар деген ұғым кездеспейді.

«Сондықтан ақтау процесінде «босқын» терминінен гөрі «ауа көшушілер» деген ұғымды пайдалану ұтымды болар еді. Сондай-ақ 1916-1930 жылдары елден кетуге мәжбүр болған халықты тұтас ақтайтын құжаттық акт қабылдану қажет деп ойлаймын. Ауа көшуді бастап, жұртты аман сақтап қалуды көздеген жетекшілер ұлт жанашыры ретінде дәріптеліп, еліміздің тәуелсіздігі жолында күрескен тұлғалармен тең дәрежедегідей лайықты бағаға ие болуы тиіс», - деді А.Құрымбаев.


Соңғы жаңалықтар