Олимпиадаға іріктеу: Су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы Нидерландыдан жеңілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Италияның Триест қаласында су добынан Токио Олимпиадасына іріктеу турнирінде Қазақстан әйелдер құрамасы енді 5-8 орындар үшін сынға түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық ватерполшылар ширек финалда Нидерланды қыздарына жол берді. Есеп 6:19 (1:5, 2:4, 0:4, 3:6). Қазақстан құрамасынан Айжан Ақылбаева, Дарья Рога, Анна Турова (2), Дарья Муравьева және Анастасия Еремина мергендік танытты.

Енді қазақстандық спортшылар 5-8 орындар үшін Словакиямен шеберлік байқасады. Сондай-ақ, жарыстың аталған сатысында Франция мен Израиль құрамалары кездеседі. Жеңген құрамалар 5-6, жеңілгендері 7-8 орын иелерін анықтайды.

Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан қыздары В тобында сынға түсті. Алғашқы ойында Грекиядан 5:13, одан кейін Венгриядан 6:23 есебімен жеңілді. Соңғы ойында Израильмен 7:7 есебімен тең ойнады.

Айта кетейік, іріктеу турнирінде жартылай финалда Нидерланды мен Грекия, Венгрия мен Италия құрамалары сынға түседі. Олимпиадаға екі жолдама беріледі. Жеңген екі құрама финалда, жеңілгендері 3 орын үшін сайысқа түседі. Іріктеу турнирі 24 қаңтарда мәресіне жетеді.

Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан құрамасы Олимпиадада екі мәрте бақ сынады. 2000 жылы - 6, 2004 жылы - 8 орын алды.


Соңғы жаңалықтар