Олимпиада уақытында өтеді - Томас Бах

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах Ұлттық Олимпиада комитеттерінің басшыларымен кеңейтілген телеконференция өткізді, деп хабарлайды Olympic.kz.

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығы да онлайн кездесуге қатысты. Күн тәртібінде өте маңызды мәселелер қаралды.

Екі сағаттан аса уақыт бойы қатысушылар ғаламдық пандемия, спортшыларды вакциналау, БҰҰ резолюциясы мен алдағы Токио-2020 және Бейжің-2022 Олимпиадаларына дайындықты талқылады.

Жиын барысында сөз алған Томас Бах 2021 жылдың қарбаласқа толы болатынын атап өтті. Өйткені, Токиодағы Олимп ойындарынан кейін 6 ай өткен соң қысқы Олимпиада басталады.

Мұндай жайт тарихта алғаш рет орын алмақ. Қазіргі сәтте ХОК екі ірі спорт шарасына толыққанды дайындық жүргізуде.

Томас Бах 2020 жылғы Токио Олимпиадасы қарсаңындағы түрлі сыбыстар мен қауесеттерге тойтарыс беру үшін Олимпиада қозғалысының бірлесіп жұмыс істеуі қажеттігіне ерекше тоқталып өтті.

«Қазір Олимпиада қозғалысының бар назары 2020 жылғы Токио ойындарына бағытталған. 21 қаңтардың кеші мен 22 қаңтар күнгі жаңалықтарда Жапонияның Олимпиаданы өткізуден бас тартатыны туралы арандатушылық бағыттағы жазбалар көп болды. Бірақ бұл жалған ақпарат. Мен баршаңызды тек қана ресми дереккөздер мен ХОК-тың ресми мәлімдемесіне сенуге шақырамын. 22 қаңтар күні Жапония билігімен телефон арқылы сөйлестім, олар Жапония билігі атынан ресми мәлімдеме мүлде болмағанын айтты. Тағы да қайталап айтамын, Олимпиада ойындары мен барлық жарыстар және іс-шаралар жоспарланған уақытында өтеді. Осы салаға қызығушылық танытқан тараптардың бәрі де Ойынды сәтті өткізу үшін тынымсыз еңбектенуде. Сондықтан, «Б» жоспарын ойластыруға негіз жоқ. Жапония нақты қадамдар арқылы бұл ойынды өткізуге дайын екенін баршамызға көрсетті. Сондай-ақ, елдегі саяси пікірталастарға қарамастан, Қытай да қысқы ойындарды өткізуге әзір», - деді ХОК президенті.

ХОК басшысы Олимпиада ойындарына қатысушыларды вакцинациялау туралы да айтты.

Томас Бах осы сұраққа қатысты Ұлттық Олимпиада комитеттеріне көмектесуге уәде беріп, барлық спортшыларды вакцина қабылдауға шақырды.

Алайда, вакцинациялау әр спортшының еркі бойынша жүргізіледі. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы Жапония және ХОК-пен бірлесе отырып коронавирусқа қарсы шаралар тізбегін жетілдіруде.

Осы орайда, спортшылардың келуі, олардың қозғалысы, тестілеуді ұйымдастыру және жарысқа қатысуға дейінгі барлық аспектілер есепке алынған.

Жапония билігі жарыс кезінде көрермендер мен жанкүйерлерді трибунаға кіргізу мәселесін мұқият зерттеуде.

Томас Бах барлық сауалдар мен маман кеңестерін талқылаған соң, ХОК өз ұсынысын жеткізетінін мәлімдеді.

«Жапония Олимпиада ойындарын асыға күтуде. Олимпиаданың басталуына бар болғаны алты ай қалды. Дайындық қарқынды жүріп жатыр, әр минут сайын ілгерілеу байқалады. Жапония билігінің ойыннан бас тартатыны туралы жақында шыққан жаңалық - жалған ақпарат. Біз күн сайын түрлі халықаралық және жергілікті ұйымдар мен спортшылардан қолдау хатын аламыз. Бізге мұндай қолдау аса қажет. Бізге әрқайсыңыздың қолдауыңыз керек. Осыдан-ақ ойынның құндылығы арта түседі. Бәріміздің мақсатымыз ортақ», - деді Жапония Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Ясухиро Ямашита.

ХОК басшысы наурыз айында өтетін ХОК-тың 137-ші Сессиясы 2020 жылғы Олимп ойындарына дайындықтың аяқталуы мен ковид кезеңіндегі Олимпиадалық қозғалыстың болашағына бағытталатынын айтты.

Сессия аяқталған соң Ұлттық Олимпиада комитеттерімен тағы бір кездесу өткізу жоспарланған.

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті спортшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қашанда басымдық береді.

Қазіргі сәтте комитет Қазақстан ұлттық федерацияларымен бірлесе отырып, алдағы Олимпиада ойындарына дайындықты жалғастыруда.


Соңғы жаңалықтар