Олимпиада: Сәкен Бибосынов бүгін испаниялық боксшымен шеберлік байқасады

None
None
ТОКИО. ҚазАқпарат - Токио Олимпиадасында қазақстандық Сәкен Бибосынов (52 келі) бүгін ширек финалда испаниялық Габриэль Эскобармен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сәкеннің қарсыласы - Габриэль Эскобар 1996 жылдың 22 шілдесінде Испанияның Леганес қаласында дүниеге келген.

Бүгінге дейін құрлықтық додаларда жеңімпаздар қатарынан көрінді. Әзірге дүниежүзілік деңгейде жүлде алған жоқ.

Олимпиадада бірінші іріктеу кезеңінде аргентиналық Рамон Киротаны 5:0 есебімен жеңсе, 1/8 финалда болгариялық Даниел Асеновті 4:1 есебімен тізе бүктірді.

Ал Сәкен Бибосынов бірінші жекпе-жегінде Пуэрто-Рикодан келген Янкиель Ривераны 4:1 есебімен жеңсе, одан кейін франциялық Биллал Беннамнан 5:0 есебімен басым түсті.

Жекпе-жек елорда уақытымен сағат 14:48-ге белгіленген.

Еске салсақ, биылғы Олимпиадаға бокстан ерлер құрамасынан 8 спортшы барды. Олардың арасынан Сәкеннен өзге Закир Сафиуллин (63 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) жарысты жалғастыруда.

Фото: Қазақстан ҰОК, Тұрар Қазанғапов, Жеңіс Ысқабай, Владислав Семенов
Соңғы жаңалықтар