Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко жеке заттарын Ұлттық музейге тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко жеке құнды заттарын Ұлттық музей қорына салтанатты түрде тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Олимпиада чемпионы мұражай қорына VII Қысқы Азия ойындары Алау эстафетасы алаугерінің сертификатын, Алау тұғырын және арнайы алтын медалін сыйға тартты.

«Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Васильевич Мельниченконың жеке заттарын музей қорына қабылдау арқылы біз болашақ жастарға салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамытуды насихаттаймыз. Тәуелсіздіктің тұғырын биік ұстаған 30 жыл ішінде Қазақстан көптеген жетістіктерге жетті. Спортшыларымыз халықаралық ірі додаларда топ жарып, ел мерейін асырып келеді. Қазақстандық спортшылардың жеңістері еліміздің халықаралық аренадағы имиджін қалыптастыруға септігін тигізеді» - дейді ҚР Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы. Ол спортшыға алғыс хат табыстады.

Іс-шараға Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сапиев, «Спортты дамыту дирекциясы» директорының орынбасары Еркеғали Көрбозов, «Спортты дамыту дирекциясының» спорттық шараларды өткізу және ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Владислав Есипов, Күштік спорт түрлері бойынша төрт дүркін әлем рекордшысы, танымал палуан Сергей Цырульников қатысты.

Жиын барысында Олимпиада чемпионы спорт мектебі оқушыларының сұрақтарына жауап бере отырып, болашақ чемпиондарға жеңіске жету жолында аяңбай еңбек ету керек екенін жеткізді. Кездесу соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, танымал спортшының қолтаңбасын алды.

Еске сала кетсек, Мельниченко Юрий Васильевич - Қазақстанның 7 дүркін чемпионы, Азияның 2 дүркін чемпионы (1996, 1997), Азия ойындарының чемпионы (Хиросима, 1994), 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде XXVI Олимпиада ойындарының чемпионы (Атланта, 1996), Әлем чемпионы (1994, 1997), Грек-рим күресінен ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері (1994).

1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды. 2004 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алды.


Соңғы жаңалықтар