Ольга Рыпакова: Отбасыма көбірек көңіл бөлгім келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Лондон - 2012 Олимпиадасының чемпионы, Бейжің-2008 және Рио-2016 Олимпиада ойындарының жүлдегері Ольга Рыпакова алдағы жоспарлары туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер сізге жеңіл атлетика федерациясына басшылық лауазым ұсынылса, сол жерге барасыз ба немесе өзіңізге және отбасыңызға көбірек көңіл бөлесіз бе?» - деп сұрады тілшілер.

Жеңіл атлет өзі үшін әрдайым отбасы бірінші орында екенін айтты.

«Олар мені спортта да қолдаған еді. Әрине, бұл өте қиын. Көптеген адамдар спорт үшін қандай құрбандықтар жасайсыз деп сұрайды. Бұл менің отбасым, балаларым. Әрине, жақын арада балаларыма және отбасыма көбірек көңіл бөлгім келеді. Отбасы бірінші орында, қалғанын көре жатармыз», - деді О. Рыпакова Орталық коммукникациялар қызметінде.

Ол спортпен байланысты барлық мәселелерді әкесімен талқылайтынын атап өтті.

«Әкем – бала кезімнен менің жаттықтырушым. Мені және спортты байланыстыратын барлық мәселелер, болашаққа жоспарлар бірлесіп талқыланады. Алдағы жоспарды әлі талқыламадық. Ертең де емес, мүмкін келесі аптада алдағы жоспарларды, болашақ өмірді талқылайтын шығармыз. Менің ойымша, бұл тез шешілуі тиіс мәселе емес. Барлығын, қалай өмір сүру керек, келесі жарыстарға жаттығу керек пе, Азия ойындарына дайындалу керек пе – нақтылайтын уақыт бар. Азия ойындарына дейін спортта қалу туралы да ұсыныстар болды», - дейді О. Рыпакова.

Бұған дейін спортшы алдағы өмірі мен жұмысының спортпен тығыз байланысты болатынын айтқан еді.

Айта кетейік, бүгін Токио Олимпиадасында үш қарғып секіруде қазақстандық Ольга Рыпакова финалға өте алмады.

Спортшы бұған дейінгі үш Олимпиадада да жүлдегерлер қатарынан көрінді. 2008 жылы күміс, 2012 жылы алтын, 2016 жылы қола жүлдегер атанды.

Ольга Рыпакова баспасөз мәслихатын өткізіп, жанкүйерлеріне алғыс айтты.



Соңғы жаңалықтар