Оқулықтарды қазақ тіліне аударған кезде қай елдің тәжірибесіне көңіл бөлінді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында оқулықтардағы теория ағылшын тілінен аударылғанмен, практикалық мәселелер Қазақстанның тәжірибесіне сүйеніп жазылды. Бұл туралы елорда әкімдігінде өткен «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясындағы Ұлттық аударма бюросының жұмысы туралы брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта білім беру саласындағы мектептердің 80%-ы қазақ тілінде жұмыс істейді. Жоғары оқу орындарындағы студенттердің 70%-ы саналы түрде қазақ тілі бөлімін таңдап барып жатыр. Мамандықты таңдап барған жастар қажетті оқулықтарды өз тілінде таба алмаса – оқу сапасы жоғары болмайды. Осы тұрғыда биыл аударылған 30 оқулыққа тоқталып өтуге болады. Мысалы, микроэкономика, макроэкономика туралы бұған дейін қазақ тілді оқулық бола қойған жоқ. Бұл оқулық болғаннан кейін жекелеген теорияларды ғана насихаттамай, ғылым саласына басынан аяғына дейін жолу жасайды», - дейді «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы.

Оның айтуынша, кейбір оқулық Қазақстанның тәжірибесіне бейімделе отырып аударылған.

«Мысалы, «Жеке қаражат» деп аталатын оқулық жалақы, зейнетақы, депозит, несие сияқты қаражатты қалай жүйелеп, қалай жоспарлауға болатынын үйретеді. Осы оқулықта теорияны ағылшын тілінен аударғанмен, практикалық мәселелерді Қазақстанның тәжірибесіне сүйеніп жаздық. Демек, бұл тікелей аудару ғана емес, кітапты біз өмір сүріп жатқан қоғамға бейімдеу жағына мән берілді», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар