ОҚО-да төрт күнде төрт адам суға батып, ажал құшты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысындағы аптап ыстықта көңілді демалыстың соңы қайғылы жағдаймен аяқталған. Мерекеге орай берілген төрт күндік демалыста төрт адам суға кетті. Өкінішке орай, көз жұмғандардың екеуі бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Өңірдегі құтқарушылардың айтуынша, қайғылы жағдайлар адамдардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан орын алған. Бақилық болған екеу рұқсат етілген су қоймасында шомылғанымен, жағадан тым алыстап кеткен. Салдарынан олар суға батып кеткен.

«Оқиғалардың бірі Шардара су қоймасында орын алды. 1963 жылғы ер адам судың шомылуға рұқсат етілмеген жеріне өтіп кетіп бақилық болды. Тура осыған ұқсас жағдай Михайловск су қоймасында орын алды. 1986 жылғы келіншек қауіпсіз аймақтан шығып кетіп, құтқарушылар жетемін дегенше көз жұмған», - дейді ОҚО ТЖД баспасөз хатшысы Зәрипа Тұрысбекова.

Ал, балаларға қатысты оқыс оқиға аудандарда тіркелген. Отырар ауданында 2005 жылғы жеткіншек суға ағып кетсе, Сарыағаш ауданында 2014 жылғы бүлдіршін де судың құрбаны болды. Екеуі де ата-ананың қарауынсыз қалып, су арнасына құлап кеткен.

Айта кетейік, биыл өңірде 17 адам суға кетіп ажал құшты. Олардың 11-і кәмелет жасына толмаған балалар. Қайғылы жағдайларға негізінен тұрғындардың салғырттығы мен ата-аналардың балаларын қараусыз қалдырып кетуі себеп болған.

Соңғы жаңалықтар