ОҚО-да иран халқының әдебиеті апталығы өтуде

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында иран халқының әдебиеті апталығы өтуде. Облыс орталығындағы А.С. Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында болып  жатқан шараға иран этномәдени бірлестігі мен кітапхана ұжымы мұрындық болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шараның ашылуына Қазақстандағы Иран Ислам Республикасы елшісінің кеңесшісі Масуд Шейх Зейнеддин, облыстық иран этномәдени бірлестігінің мүшелері, кітапхана оқырмандары мен жастар қатысты.

Жиында сөз алған облыстық иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Нұрысбек Капар-Пур мұндай шаралар екі ел арасындағы рухани-мәдени ықпалдыстықты арттырып, достықты нығайтатынын айтты.

Ал, елімізде барлық этностардың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, нығайтуға мол мүмкіндік жасалғанынына ризашылығын білдірген Иран елшілігінің қызметкері Масуд Шейх Зейнеддин кітапханаға елшілік атынан «Шахнама» дастанының қазақ тіліндегі аудармасын тарту етті. Кітапхана басшылығы қонаққа Шымкент қаласының тарихы мен бүгінгі жетістігінен сыр шертетін кітап сыйлады.

 Аталған апталық аясында парсы ақын-жазушыларының шығармалары, әлем әдебиетінің классигі Фирдоусидің «Шахнамасы» мен осы шығарма желісі бойынша салынған иллюстративті суреттер көрмесі көпшіліктің назарына ұсынылмақ.

Айта кету керек, А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өңіріміздегі этностардың шығармаларына арналған бұрыш орнатылған. Ал, парсы халқының әдеби туындылары көрмесімен өңір тұрғындары қазан айының соңына дейін танысып, тамашалай алады.

 

Соңғы жаңалықтар