ОҚО-да 203 кәсіпкерге қатысты заңсыз тексерулерге тосқауыл қойылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 203 кәсіпкерге қатысты заңсыз тексерулерге тосқауыл қойылды. Прокурорлық тексеру қорытындысымен 170 кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулылардың күші жойылған. Бұл шаралар облыстық прокуратура тарапынан қолға алынған «Оңтүстік Қазақстан облысы - кәсіпкерлерге қолайлы аймақ» жобасының аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

Облыс прокурорының аға көмекшісі Батыр Ергешовтің сөзінше, аталған жобаны жүзеге асыру барысында 2500 кәсіпкердің құқығын шектеген 18 түрлі кедергі жойылған. Олардың қатарында жер, құрылыс және архитектура салаларына қатысты кедергілер бар. 19 кәсіпкерге 1 млрд. теңге көлемінде  ауылшаруашылығы субсидиясы төленді. Одан бөлек, облыстың 7 аудан әкімдіктері стационарлы емес сауда орындарын белгілеген.

«Біздің тарапымыздан, сондай-ақ, 52 түрлі мемлекеттік қызмет көрсету барысында қызмет алушыдан  құжаттардың заңсыз талап етілу деректері анықталған. Осыған байланысты, әкімдіктер мен орталық уәкілетті органдар ақпараттық базаларын біріктіру қажеттігі жөнінде ескертулер берілді. Бір актімен кәсіпкерлердің бірнеше объектілерін заңсыз тексеру жүргізу жөніндегі бақылаушы және қадағалаушы органдардың тәжірибесі тоқтатылды. Бұндай актілерді құқықтық статистика органдарына автоматты түрде тіркеуден бас тартып, кері қайтарту жөнінде ұсыныс енгізілді. 56 кәсіпкерге эмиссияға рұқсат беру жөніндегі құжатта заңсыз қойылған артық талаптарды орындатпай, кері қайтарылды»,- дейді Батыр Ергешов.

Өңірде алғаш рет  Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген, кәсіпкердің құқығы мен заңды мүддесін бұзған лауазым иелеріне қолданылған жауапкершілік түрі жөнінде сол кәсіпкерге жазбаша ақпарат беру тәжірибесі іске асырылуда.

Соңғы жаңалықтар