ОҚО әкімі бастаған бір топ делегация Өзбекстанға барып қайтты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған бір топ делегация Өзбекстан Республикасына барды. Құрамында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, сонымен қатар, еліміздің индустрия, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласына жауапты өкілдері бар жұмыс көрші елдің Премьер-министрінің орынбасары - Ауыл және су шаруашылығы министрі Заир Мирзоевпен жүздесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Шекаралас қазақ-өзбек қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеру - мемлекеттік маңызды мәселе деген оңтүстікқазақстандық делегация мүшелері алдымен, Ташкенттің сәулеттік сәнімен танысты. Бауырлас елдің мәдени-рухани байланысын нығайтып, ондағы қандастарды сан салада қолдау бойынша бірқатар кездесулер өтті. Аймақ басшысы Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл және су шаруашылығы министрі Заир Мирзаевпен кездесті. Өзбекстандық вице-премьер елдің Тәуелсіздік алған жылдардан бергі әл-ауқатын көтерудегі жетістіктерін жоғары бағалады. Ал, Жансейіт Түймебаев туысқан елмен арадағы байланысты түрлі бағытта дамытуға ниетті екенін жеткізді.

 «Оңтүстік Қазақстан облысын Өзбекстанда жақсы дамыған жеңіл өнеркәсіп, өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларындағы жетістіктер қызықтырады. Аталған салаларда тәжірибе алмасып, бірігіп еңбек етсек, қос мемлекетке де тиімді жобалар жүзеге асады деген сенімдемін. Мәселен, Сіздерде жасап шығарылатын ауыл шаруашылығы тракторларын сатып ала алып, Өзбекстанның сауда үйін ұйымдастыруымызға болады. Немесе, арнайы жұмысшы тобын құрып, шекаралық аймақтағы кейбір мәселелерді реттеуге атсалыссақ деген ұсыным бар. Өтйкені, Қазақстан Сіздер үшін өзге мемлекеттерге шығатын қақпа іспеттес. Мәселен, өткен жылдың өзінде, 9 млн. 400 адам қазақ-өзбек кеден бекетінен өтіп, өзге елдерге бет алыпты. Сондықтан, Оңтүстік өңірі мен Өзбекстан Республикасы барлық салада мүмкіндіктерін біріктіруі керек деп есептеймін», - деді облыс әкімі.

Бүгінде оңтүстік өңірінің Өзбекстанмен сауда-экономикалық байланысы нығайып келеді. Өткен жылы оңтүстік пен көрші ел арасында 274 млн. АҚШ долларды құрайтын  тауар экспортталған. Импорт 375 млн. АҚШ долларына жеткен. Өзбекстанға сапары кезінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Ташкент қаласының әкімі Рахманбек Усмановпен де кездесті. Өзара әңгіме барысында  шаһар басшысы Ташкенттің күнгей аймағымен сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарының нығайып келе жатқанына ризашылығын білдіріп, кәсіпкерлік саласындағы жетістіктеріне тоқталды. Айтуынша, Өзбекстан астанасында бүгінде 55 мыңнан астам кәсіпорын шағын және орта кәсіп аясында жұмыс істесе, оның басым бөлігі қызмет көрсету саласы мен өнеркәсіп үлесінде екен. Қалада жыл сайын бизнес бастап, ісін жолға қойып жатқан кәсіпкерлер көбейген. Мәселен, жыл басынан бері бір ғана Ташкенттің өзінде 2,5 мыңға жуық кәсіпорын ашылып, жұмысын бастап кетіпті. Көрші ел астанасы әкімімен болған әңгімеде Ташкенттің сәулеттік сәні де сөз болды. Бұл бойынша қазақстандық тарап бірлескен жобаларды қолға алуға болатынын айтты. Көрші елдің сан саладағы үздіктерін облыс басшысы өңірге арнайы шақырды. Сәуір айының соңына қарай Оңтүстік Қазақстанда өзбекстандық тауар өндірушілердің көрмесін ұйымдастыру бойынша келісімге келді.  Сапар барысында оңтүстікқазақстандық делегация трактор шығаратын зауыт пен жеміс-жидектерден құрғақ өнім дайындайтын өндіріс орындарын, табиғи тас алатын карьерді аралады. Туысқан елдегі Жоғарғы Шыршық ауданы мен Алмалық қаласында болды. Ондағы қандастарымыздың наурыз дастарханынан дәм татты. Өз кезегінде Жансейіт Қансейітұлы өзбекстандық қазақ жастарын елімізге шақырып, жоғары білім беру, мәдени-рухани байланысты арттыру сынды мәселелерде жан-жақты қолдаулардың болатынын жеткізді. Тамыры бір туысқан елдердің қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілуі шекаралық өңірлердің әлеуметтік ахуалына оң ықпалын тигізері анық. Қос тараптың өкілдері де келіссөздер барысында мұны айқындай түсіп, ортақ мақсатқа жұмылуға мүдделіліктерін білдірді.

Соңғы жаңалықтар