ӨКМ операторының қаражаты автонесие мен әлеуметтік жобаларға жіберілді – Бас прокурор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокуратурасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «ӨКМ операторы» шотына салынған шектеулерді алып тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Берік Асылов өзінің Twitter парақшасында жазды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп қабылданған шаралар арқылы «ӨКМ операторы» ЖШС-нің 198 млрд теңгесi бар шотына салынған шектеулер алынды. Үкімет одан 100 млрд теңгені жеңілдетілген автонесиеге, қалған қаржыны басқа әлеуметтік жобаларға бағыттады», - деп жазды Бас прокурор.

Айта кетейік, 11 қаңтарда Президент Үкіметке «ӨКМ операторы» ұйымының утильдік алым жинауына тыйым салуын тапсырған еді.

19 қаңтар күні «ӨКМ операторы» ЖШС-не утилизациялық алым жинауға тыйым салынды. Утилизациялық алым қаражаты есебінен құрылған активтер мемлекет меншігіне берілді.

Бұдан былай кәдеге жарату алымын жинап, үйлестіру «Жасыл даму» акционерлік қоғамының құзырында болады.

Ал, қаңтардың соңында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ операторы» ЖШС Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев ұсталды .

Оларға көлік құралдарын кәдеге жаратудың жоғары құнын белгілеп, кәсіпорынның 20 млрд теңгеден астам қаражатын жымқырды деген айып тағылды.


Соңғы жаңалықтар