Нығматулин: Туризм индустриясы өз позициясына қайта орнығады, соған дайын болуымыз керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин туризм саласын дамытудың маңызы туралы ой бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туризмнің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында ерекше орыны бар. Біздің еліміздің туризмді дамытудың мүмкіндігі өте зор. Ең алдымен біздің кең байтақ Қазақстанымыздың табиғаты керемет. осы залда отырған әр депутат өз туған жерін еске алса, не болмаса өзіміздің астанамыздың, Бурабайдың, оңтүстіктің жерін алып қарасақ, ешқандай шетелге барып демалудың керегі жоқ. Ең алдымен халқымыздың бауырмал дәстүрі ерекше. Ол да туризмнің тынысын аша алады. Сол үшін елімізде туризмді дамытуға баса көңіл бөлініп, нақты шаралар қолға алынуда. Басты мақсат – 2023 жылға дейін туризм саласы экономиканың 8 пайызын құруы тиіс», - деді Нұрлан Нығматулин туристік қызметке қатысты заң жобасы қаралған Мәжіліс отырысында.

Мәжіліс спикерінің айтуынша, әлемдік жалпы ішкі өнімге туризмнің қосқан үлесі өткен жылы ғана 10,5 пайызды құрап, 8,3 трлн долларға теңескен. Әлемдегі 10 жұмыс орнының біреуі туризм секторында құрылған.

«Пандемия туындатқан дағдарыс ерте ме, кеш пе аяқталады. Сол кезде туристік индустрия өз позициясына қайтадан орнығады. Бізге дайын болу керек. Туризм әлеуметтік-экономикалық даму мен тұрақтылықты да қамтамасыз ететінін атап өту керек. Бұл сала шағын бизнесті дамытуға, жұмыс орындарын ашуға көмектеседі», - деді ол.

Нұрлан Нығматулиннің сөзіне сенсек, астана Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшкен кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың елордадағы құрылысқа баса мән бере отырып, жасыл белдеуді құрды.

«Бүгін де Бурабай елорданың арқасында дамып кеткенін атап өту керек. Сол жаққа бара жатқанда жол бойының өзінде туристік саланың халық өміріне қаншалықты ықпал еткенін көреміз. Сондықтан туризмді дамытуды ойлаған кезде осының бәрін сараптау керек», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар