Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары Қазақстанға әлемдік аренада жоғары бедел әкелді - Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат тілшісіне жазбаша сұхбат берген РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстан мен Ресей мемлекетаралық ынтымақтастығының дамуы, екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі кезеңдері және өңірлік саясаттағы ортақ басым міндеттер жайында ой бөлісті.

- Сергей Викторович, өзіңіз білетіндей, 1 желтоқсанда Қазақстанда ҚР Тұңғшы Президенті күні атап өтіледі. Сіздің көзқарасыңызша, тәуелсіз мемлекет құрудағы қазақстандық тәжірибенің қандай ерекшелігін бөле қарауға болады?

- Заманауи Қазақстан тарихы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Нұрсұлтан Әбішұлы жетістігінің кепілі неде? Меніңше, оның жасампаздыққа деген «генетикалық» бірбеткейлігінде. Ол мол саяси тәжірибені, дана сұңғылалықты пайдалана отырып, Қазақстан азаматтарына біріктіруші, алға ұмтылушылық күн тәртібін ұсыну арқылы соның төңірегіне топтастыра білді. Биліктің тиімді институттарын құру, ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, адамдардың әл-ауқаты мен өмір сапасы өсімін қамтамасыз етуде тамаша жетістіктерге қол жеткізе алды. Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітсүйгіш, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға бағдарланған бірқатар бастамасы Қазақстанға халықаралық аренада жоғары бедел әперді.

Әсіресе, Тұңғыш Президенттің Ресеймен одақтастық және стратегиялық серіктестік қарым-өатынасты дамытудағы үлесіне баға жетпейді. Оның бастамасымен 2013 жылдың 11 қарашасында Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының арасында ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарты әзірленді. Айта кетерлігі, аталған құжат келісілген сыртқы саясатты да қамтиды. Біз өңірлік қауіпсіздік қамтамасыз ету бағытында бірлесе жұмыс істеп, толыққтай алғанда Еуразияның тұрақтылығын ұстап тұруға үлес қосып келеміз.

Н.Ә.Назарбаев - посткеңестік кеңістегі мемлекеттерді экономикалық тұрғыда жақындастырған сәулетшілердің бірі. Оның жемісті жүзеге асырылуы ретінде 2015 жылдың 1 қаңтарында Еуразиялық экономикалық одақтың іске қосылуын атап өтуге болады.

Бұл орайда Нұрсұлтан Әбішұлы жеткен жетістікпен тоқтап қалған жоқ. ЕАЭО-ның құрметті төрағасы ретінде еуразиялық интеграцияның тетіктерін жетілдіру, оны өзге де интеграциялық бастамалармен түйіндестіру жолында тынымсыз еңбек етіп келе жатыр.

Осы сәтте пайдаланып, Нұрсұлтан Әбішұлына мықты денсаулық, амандық және ұзақ жылдар бойына белсенді қайраткерлік тілеймін!

- БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси пікірталасы барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық биологиялық қауіпсіздік жөніндегі агенттік құру және БҰҰ аясында Өңірлік ауруларды бақылау және биоқауіпсіздік жөніндегі орталықтар желісін, оның ішінде Қазақстан аумағында да құру туралы бастама көтерді. Сіздің ойыңызша, әлемдік қоғамдастық Қазақстан ұсынған форматта денсаулық сақтаудың барынша қуатты жаһандық жаңа жүйесін құруға дайын ба?

- Қазақстан Президентінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне есеп беретін, Биологиялық және уытты қаруға тыйым салу туралы конвенцияға негізделетін Халықаралық биологиялық қауіпсіздік жөніндегі мекемеге қатысты ұсынысына тыңғылықты назар аудардым. Таяу уақытта қазақстандық серіктестерден аталған бастамаға қатысты болжалды параметрлері мен қызмет ету процедуралары туралы толыққанды мәліметтер қамтылған ақпарат аламыз деген үмітіміз бар.

Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемнің осал тұсын көрсетіп бергені сөзсіз. Санитарлық-эпидемиологиялық салада халықаралық үйлестіруді және өзара іс-қимылды күшейтуге деген қоғамдық сұраныс қалыптасып отыр. Ол БҰҰ-ның бірқатар құжатында, оның ішінде Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік кеңесі қарарларында көрініс тапқан. Мұндай жұмыс басталып та кетті: мамырда Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ассамблеясының 73-сессиясы барысында ДДСҰ-ға мүше елдер бәтуаластықпен пандемияға жауап қайтару шараларына тәуелсіз бағалау жүргізу туралы қарар қабылдады.

Осынау сарапшылық бағалау нәтижелерін күтеміз. Қолданыстағы, ең алдымен ДДСҰ тетіктерін нығайту және оның Халықаралық медициналық-санитарлық ережелер ұстану маңызды деп санаймыз. Бұл бағытта Қазақстанмен серіктестік өзара іс-қимылға да дайынбыз.

- АҚШ-тағы президент сайлауында Демократиялық партия атынан кандидат Джозеф Байденнің жеңіске жетуі Вашингтонның посткеңестік елдермен, оның ішінде Ресей және Қазақстанмен қарым-қатынас форматына қандай әсерін тигізуі мүмкін? Жаңа әкімшіліктің келуі Еуропа мен Азиядағы қауіпсіздіктің жай-күйіне ықпал етуі мүмкін бе? Бұл Мәскеу және Нұр-Сұлтанның ең алдымен Орталық Азиядағы, Каспий өңірі мен Ауғанстандағы өңірлік мүддесіне сын-тегеуірінге айналуы мүмкін бе?

- Ресми нәтиже жарияланғанға дейін АҚШ-тағы сайлаудың халықаралық қарым-қатынасқа салдарын талқылау тым ерте. Бұл біздің түбегейлі ұстанымымыз. Әрине, біз Атлантиканың арғы бетінде не болып жатқанын тыңғылықты қадағалап отырмыз және жағдайдың кез келген бағытта дамуына дайынбыз. Болжам жасау, әсіресе, дәл қазіргі кезеңде береке әперетін идея емес. Дегенмен, Дж-Байденнің мәлімдемелері мен айтқан сөздеріне орай жорамал жасасақ, егер ол жеңіске жететін болса, онда АҚШ-тың сыртқы саясаты кезінде Б.Обама жүргізген канондарға барынша сай келеді деуге болады.

Президент В.В.Путин мәлім еткендей, «біз мұның барлығын байсалды түрде жұмыс тәртібімен сараптаймыз, біз Америка халқының кез келген шешімін қабыл аламыз және кез келген әкімшілікпен жұмыс істейтін боламыз». Әрине, тек адалдық, өзара құрмет және ішкі іске араласпау ұстанымдарымен ғана. Осы тұрғыдан алып қарағанда, біз Вашингтоннан түптеп келгенде өзге де халықаралық ойыншылардың, оның ішінде Ресей мен Қазақстанды, олардың интеграциялық бірлестіктерін қоса алғанда заңды мүдделерімен санасуын күтуге құқылымыз.

- Мәскеу екіжақты интеграциялық процестердің одан ары дамуын, оның ішінде Қазақстан мен Ресейдің ЕАЭО, ҰҚШҰ және ШЫҰ аясындағы өзара іс-қимылын қалай бағалайды? Сіздің ойыңызша, таяу уақытта шешілуі тиіс қандай басым міндеттер бар?

- Еуразиялық экономикалық одақты құру идеясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа тиесілі екені белгілі. Ол мұны сонау 1994 жылы М.Ломоносов атындағы ММУ-дегі дәрісі барысында жария еткен болатын. Сол уақыттан бері Нұр-Сұлтан еріктілік, теңдік, егемендікті құрметтеу, одақтың әрбір елінің мүддесін ескеру сынды ұстанымдардағы өз саясатын ұстана отырып, Еуразиядағы интеграциялық процестер локомативінің бірі саналады. Біз оны толықтай қолдаймыз.

Ресей мен Қазақстан интеграциялық құрылыс, ең алдымен Одақтың басты мақсатына қол жеткізу мүддесінде төрт еркіндікті - тауарлардың, қызметтердің, капиталдардың және жұмыс күштерінің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету ісінде белсенді өзара әрекет етеді. Осы тұрғыдан алғанда біздің елдеріміздің негізгі күш-жігері ішкі нарықтағы тосқауылдарды, алымдар мен шектеулерді жоюға шоғырланған. Жекелеген даулы мәселелер конструктивті жолмен, өзара қолайлы уағдаластыққа қол жеткізу арқылы шешіледі.

Мұндай жұмыс үшін басты алаң ретінде Одақтың тұрақты жұмыс істейтін ұлтүстілік реттеуші органы - Еуразиялық экономикалық комиссия жұмыс істейді. Оның аясында тең құқылық және өзара құрмет ұстанымдары негізгіндегі прагматикалық ынтымақтастық жолға қойылған.

Күн тәртібінде - 2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың стратегиялық бағытын (Стратегия) қабылдау және одан ары жүзеге асыру. 2018 жылдың 6 желтоқсанындағы ЕАЭО аясындағы интеграциялық процесстерді одан ары дамыту туралы декларация ережелерін нақтылай отырып, Стратегия кедендік өзара іс-қимылды, цифрлық саясатты, кооперациялық жобаларды, ақпараттық жүйелерді, сыртқы сауда қызметін, ғылыми-инновациялық дамуды көздейтін 300-ден астам шараны қамтиды. Осыған орай келесі жылы ЕАЭО органдарына төрағалық өтетін қазақстандық достарымызға арқа сүйейміз.

Ресей мен Қазақстанда, сонымен қатар өзге де одақтастарымызда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымы аясындағы мүддеміз ортақ - оның бүкіл кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету.

ҰҚШҰ-да біз халықаралық терроризммен және экстремизммен, есірткі заттары мен психотропты заттардың заңсыз айналымымен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен, заңсыз көші-қонмен, өзге де сын-тегеуіріндермен және қатерлермен күрестегі күш-жігерді үйлестіріп, біріктіреміз. Осы орайда қазақстандық әріптестерге олардың Ұйымның ұжымдық күштерін, дағдарысты жағдайларға үн қату жүйесін қалыптастыру және дамытуға бағытталған бастамаларына ризашылық білдіремін.

Ресей биыл ҰҚШҰ-ға төрағалық етеді. Біз ресейлік бастамаларға Қазақстанның жан-жақты қолдауын сезініп отырмыз. Бұл біздің қарым-қатынасымыздың одақтастық сипатын білдіреді.

2018 жылы Қазақстанның елордасында Ұйым елдерінің көшбасшылары мүдделік танытқан мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың болуына орай оның байланысын кеңейту бағытына уағдаласып, ҰҚШҰ байқаушылары мен серіктестерінің мәртебесін бекіту туралы құжаттар топтамасына қол қойды. Нұр-Сұлтандағы әріптестеріміз сияқты біз де мұндай «достар аясын» кеңейтуді маңызды міндет санаймыз.

Қазақстанмен Шанхай ынтымақтастық ұйымы қызметінің барлық басым салаларында қарқынды іс-әрекетті жолға қойып отырмыз. Қауіпсіздікті, экономикалық кооперацияны және гуманитарлық байланыстырды бекемдеу мәселесіне баса назар аударамыз Қараша саммитінің қорытындысы елдеріміздің ШЫҰ әлеуетін одан ары нығайтуға, оның жұмысының түрлі бағыттары бойынша өнімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін қуаттай түсті.

Ұйымның қараша саммитінде қабылданған 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары, Мүше мемлекеттердің цифрлық дәуірде шалғай және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі ынтымақтастық тұжырымдамасы, Мүше мемлекеттердің өңір кеңістігінде індет қатеріне қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен шараларының кешенді жоспары, сонымен қатар өңір басшылары форумын іске қосу біздің достыққа негізделген серіктестігімізді нығайту үшін қосымша мүмкіншіліктер ашады.

Бірлескен қызметіміздің маңызды бағыттарының бірі Үлкен Еуразияда қауіпсіз әрі өзара тиімді экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастығы бар біртұтас, кең, ашық кеңістік құру болып саналады. Бүгінде серіктестеріміздің басым бөлігі Президент В.В.Путиннің Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы мүшелерің, сонымен қатар өзге де мүдделі елдер мен жан-жақты бірлестіктердің қатысуымен Үлкен еуразиялық серіктестік құру бастамасын қолдайды. Бұл әсіресе ЕАЭО-ның негіз қалаушы құжаттарында, сондай-ақ осыдан бірнеше күн бұрын қабылданған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Мәскеу декаларциясында бекітілген.

Тең құқылық, өзара құрмет және ұлттық мүдделерді ескеру ұстанымдары негізіндегі мұндай ынтымақтастықты дамыту тұрақтылықты қамтамасыз етуге, өзара байланысты нығайтуға және тұрақты экономикалық өсімді ынталандыруға септігін тигізетініне сенімдіміз. Ал мұны Ресей де, Қазақстан да, өңірдегі өзге серіктестеріміз де өткір қажетсініп отыр.

- Коронавирус инфекциясының таралу салдары бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін жаңа сын-тегеуірінге айналды. Қазақстан мен Ресейдің шекарасы ең ұзын саналады. Бұған қоса екі ел бір экономикалық кеңістікке кіреді. Жолаушылар ағыны да өзара іс-қимылдың ең маңызды элементіне айналып отыр. Дегенмен, бүгінде Қазақстан мен Ресей арасында аптасына екі-ақ әуе рейсі орындалады. Осы жылдың қыркүйегінде қазақстандық әріптесіңіз Мұхтар Тілеубердімен кездесу барысында Ресейде білім алатын қазақстандық студенттердің елге кіруіне қатысты мәселенің шешілуі мүмкін екенін айтқан едіңіз. Қазіргі уақытта қазақстандық тарап өзара ұшуларды жиілетуге дайын. Бұл мәселені шешу қай сатыда тұрғанын айтып берсеңіз және Мәскеу, шекарада құрлықтағы учаскелерді ашуды қарастырып отыр ма?

- Ең алдымен білім беру саласындағы Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының стртегиялық міндеті - білім беру және ғылыми ұйымдар арасындағы тікелей байланыстарды дамытуды жан-жақты қолдау, оқытушылар мен студенттердің алмасуын қарқындату, жоғары білікті кадрлар дайындау саласында қолайлы жағдай жасау екенін атап өтсем деймін.

Өткен оқу жылында Ресейдің жоғары оқу орындарында сіздің еліңізден 74 мыңға жуық азамат, оның ішінде ресейлік бюджет есебінен 30 мыңнан астам адам білім алды. Бұған қоса, жыл сайын Қазақстаннан 9 мыңнан астам абитуриент бюджеттік орындарға сәтті оқуға қабылданып жатады. Бұл ресейлік білімге деген сұранысқа айқын дәлел бола алады.

Өзара ұшулар санын арттыру мәселесіне қатысты айтар болсам, қазіргі уақытта бұл тақырып қазақстандық әріптестерімізбен егжей-тегжейлі талқыланып жатыр. Бұған қоса, шектеулерді толықтай алып тастауды жасанды түрде жылдамдатуға ерте деп есептейміз. Сонымен қатар Ресей Федерациясының Жоғары білім және ғылым министрлігі күрделі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, ресейлік, сонымен қатар шетелдік барлық студенттің оқуын жалғастыра алуы үшін арнаулы бағдарлама әзірлегенін атап өткен жөн. ЖОО тыңдаушылары үшін қауіпсіз жағдай жасау - біздің сөзсіз басымдығымыз.


Соңғы жаңалықтар