Нұрсұлтан Назарбаев: Индустрияландырудың жаңа жобалары - Қазақстанның экономикалық трендтері

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасының Индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы: 2016 жылдың I жартыжылдық қорытындысы» атты кеңес өтеді.

Телекөпір форматындағы кеңес аясында индустрияландыру бағдарламасының ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындыланады және екінші бесжылдық бағдарламасы аясындағы бірқатар жаңа жобалар іске қосылады. Олар:

1. Павлодар облысы, Екібастұз қаласы. «R.W.S. Wheelset» ЖШС (теміржол білігі мен қос дөңгелек шығаратын зауыт).

2. Павлодар облысы, Екібастұз қаласы. «GreenhouseKZ» ЖШС (голландтық раушандар өсіретін жылыжай кешені).

3.Алматы қаласы, «Эфко Алматы» ЖШС (май өнімдерін шығару кешені).

4.Астана қаласы, «Ipek Kagit Central Asia» (санитарлы-гигиеналық және тұрмысқа қажет қағаз өнімдерін өндіру зауыты).

5.«Петропавл трактор зауыты» ЖШС.

6.ОҚО, Қазығұрт ауданы, Майлыошақ ауылы. «Lotus Food Company LLC» ЖШС (тез әзірленетін тағам өндіру зауыты).

7.Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы. «Kazakhstan Pipe Traders» ЖШС (мұнай құбырларын өндіру зауыты).

8.Батыс Қазақстан облысы, Ақсай қаласы. «Конденсат» АҚ (мотор майлары өндірісі).

Сондай-ақ, индустрияландыру нәтижесінде  әлеуметтік дамуын нығайтқан 3 өңір көрсетіледі. Олар:

1. Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы;

2. Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы;

3.Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау моноқаласы.

Сондай-ақ, шара барысында индустрияландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асырудың жаңа қадамдары таныстырылады. Бұнда бірқатар түзетулер болады деп күтіліп отыр. 

Осыған орай «ҚазАқпарат» агентігі 2015 жылдың бірінші жарты жылдығындағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Индустрияландыру күндері аясындағы іс-шараларға сонымен бірге  Индустрияландыру картасындағы жаңа жобаларды және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы іске қосылған инфрақұрылымдық нысандарға шолуды ұсынады.

***

ЖАҢА ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ: Қызылорда облысында ашылған бірегей жоба өңір экономикасының өрлеуіне үлес қосуда

Соңғы жылдары Сыр өңірінде үдемелі индустриялық-инновациялық даму жобасы аясында көптеген жобалар қолға алынып, облыс экономикасының өрлеуіне өз үлестерін қоса бастады. Солардың қатарында жоба аясында ашылған «Хуа Ю Интернационал в Кызылорде» ЖШС химия реагенттерін өндіретін компания да бар.

Бұл жобаның құны 500 млн. теңгені құрайды. Қазірде мұнда 24 адам еңбек етеді. Жоба жұмыс жасап тұрған химиялық реагенттер өндірісін ұлғайтуға бағытталған. Жылдық қуаттылығы 2,0 мың тоннаға есептелген.

Компания арқылы өндірілетін химиялық реагенттер мұнай құбырларының шіруі, корозияға ұшырауы, қақ тұруы төмендеп, пайдалану мерзімі ұзарады. Қара алтын өндіретін аймақ үшін жергілікті компанияның тиімділігі осы себепті де жоғары болып тұр. Оның үстіне «Хуа Ю Интернационал в Кызылорде» ЖШС химия реагенттерін өндіретін облыстағы бірден-бір компания болып саналады.

Кәсіпорында арқылы химиялық реагенттерді автоматты түрде құю бойынша құрал-жабдық алынған. Мұнда 5 түрлі химиялық реагенттер шығарылады. Қазіргі таңда ол өз өнімдерін сату бойынша «СНПС Айдан мұнай» АҚ және «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ымен келісімшарт жасалған.

2014 жылдың 12 айында 2003,5 тонна химиялық реагенттер өндіріліп, жоспарлы қуаттылық 125,2 пайызға орындады. Биылғы жылдың 5 айында 583 тонна немесе 300,1 млн теңгеге өнім шығарып, жоспарлы қуаттылықты 103 пайызға игерді.

Кәсіпорынның іргетасы 2009 жылы қаланған. Мекеменің 1780 шаршы метр аумақты алатын химиялық реагенттерді дайындайтын шағын цехы, сонымен қатар өндірістік цехы, қоймасы, кеңсесі және зертханасы бар. 

Сондай-ақ өндірістің толық жүйесімен, өнімді сынақтау үшін заман талабына сай құрал-жабдығымен жабдықталған, қазақстандық техникалық қызмет көрсету тобы мен техникалық білікті қызметі бар. Тікелей тұтынушылары Қызылорда облысы мен Қазақстан Республикасының аумағындағы түрлі мұнай мекемелері мен мұнай өндіруші мекемелер болып табылады.

Президент Үкіметке экономика өсімі қарқынының төмендеуіне жол бермеуді тапсырды

«Нұрлы жол» және индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылу барысына арналған жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке экономика өсімі қарқынының төмендеуіне жол бермеуді тапсырды.

«Жаңа бесжылдық аясында бірқатар индустриалдық жобаларды іске қосып жатырмыз. Алда атқарылатын істер Қазақстанның экономикасын одан ары дамытуға үлесін тигізетін болады. Еліміздің әлеуетін арттыра түсу үшін бұл саясатты жүзеге асырудың маңызы Қазақстан үшін өте зор. Бүгінгі басқосу осы бағыттағы міндеттердің орындалу бағдарламасын, іске қосылатын өндірістер жайында, өнім сапасы мен шетелге шығарылатын тауарлар туралы талқылаймыз», - деді Президент.

«Мен осы мәселелерге ерекше назар аударып отырмын. Ең бастысы, экономика өсімі қарқынының төмендеуіне жол бермеу керек. Сондықтан басты мақсат-міндеттердің орындалуы қадағалауда болуы қажет»,- деді Елбасы.

Айта кетейік, бүгін «Нұрлы жол» және индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылу барысына арналған жалпыұлттық телекөпір өтуде. 

Шара аясында жаңа индустриалды және инфрақұрылымдық нысандарды іске қосу, сонымен бірге құрылысы барысымен, инфрақұрылымдық нысандар құрылысының басталуы туралы   тұсаукесер-таныстырылымдар жоспарланған. Сондай-ақ, Қазақстанда өндірілген тауарлардың, индустрияландыру бағдарламаларының маңызды жобаларының көрмесі және жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көрсетілімі ұйымдастырылады.

 

Елбасы Өскемен мен Теміртаудағы теңдессіз жобаларды іске қосуға рұқсат берді

Индустрияландыру күні аясындағы телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Теміртауда № 3-ші домна пешінің инновациялық жабдықталған жобасы мен Өскеменде кеуекті титан блоктарын қосақтап сығымдайтын теңдессіз жобаны іске қосуға рұқсат берді.

Атап айтқанда, әлемде шикізатқа сұраныс төмендеуіне қарамастан «АрселорМиттал Теміртау» мен  «Өскемен титан-магний комбинаты» жаңғыртылуда. Теміртауда № 3-ші домна пеші инновациялық жабдықталды. Енді жылына 2,3 миллион тонна шойын алып, болат өндірісін үздіксіз қамтамасыз етеді. Ал Өскеменде кеуекті титан блоктарын қосақтап сығымдайтын теңдессіз жоба іске қосылды. Сала шикізат базасынан құйма өндірісінің жоғары 4-ші деңгейіне көтерілді. Біріктірілген технологиялық цикл толық автоматтандырылды. Қазақстан титаны әлемдік нарыққа берік орнықты.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ  №3 домна пешін қайта құру және жаңғырту құны 32,2  млрд теңге. Жұмыс орны 278 адамды құрады. Сонымен қатар жоба қуаттылығы жылына 2,3 млн. тонна шойынға жетеді.

Ал «Өскемен титан-магний комбинаты»  АҚ-ның титан құймасы мен қорытпасы зауытының құны 1 млрд теңге. Жоба қуаттылығы жылына 30 мың тонна титанды құрамақ.

 «Индустрияландырудың мемлекеттік бағдарламасы аясында біздің комбинат Қазақстанда алғаш болып титан блоктарын қабат-қабат бөлудің технологиясын енгізді. Біз осы бірегей жобаға 1 млрд. теңге инвестицияладық. Қазіргі кезде өндірісті басқару үдерісін толықтай автоматтандырдық, сонымен қатар титанның өзіндік құнын төмендетіп, оның сапасын көтердік», - деді «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ президенті Әсем Мамутова.

Н. Назарбаев ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын өндірістерді іске қосты

Жаңа индустрияландыру аясындағы жалпыұлттық телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын өндірістерді іске қосты.

«KAZ KIOTI» компаниясы  Оңтүстік Кореяның «Даедонг» компаниясымен бірігіп шығарған трактор егістік жерлер мен мақта теріміне, бау-бақша өсіруге өте пайдалы. Өзі шағын болғанмен, өнімді. Бағасы да қымбат емес. Трактор отандық нарықтан басқа 2017 жылдан көрші елдерге сатылады.

Ал «КАЗТЕХМАШ» машина жасау зауыты» астықты өңірлер үшін еуропалық үлгідегі комбайн және басқа да ауыл шаруашылық техникасын шығарады. Комбайн Ресейдің шекаралас аудандарына, Ауғанстан, Моңғолия, Қытайға экспортталады. Енді Польшаның PRONAR компаниясымен бірлесіп шөп шауып, жинайтын машина мен тырмауыш құрастыру қолға алынды.

«KAZ KIOTI» ЖШС-ның  (ОҚО) трактор жасау зауытының құны 7 млрд. теңгені, ал ондағы жұмыс орны 400-ді құрады. Жоба қуаттылығы - 5000 трактор.

«КАЗТЕХМАШ» машина жасау зауыты» ЖШС ның (СҚО) құны - 1, 9 млрд теңге. Жоба қуаттылығы - 400 астық комбайны, 1200 түрлі ауыл шаруашылығы техникасы.

«Бұл корейлермен бірлескен «KazKioti» компаниясының алғашқы өнімі. Жобаға 7 млрд. теңге инвестиция жұмсалды. Жылына 5000 дана ауыл шаруашылығы техникасын шығара аламыз. Биыл 600 трактор шығарамыз және 400 жұмыс орнын ашамыз. Біздің жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында құрылып жатқан жаңа индустриялық аймақта сәтті жүзеге асырылды», - деді «KAZ KIOTI» ЖШС басқарушы директоры Бахтиёр Маматов.

 «КАЗТЕХМАШ машина жасау зауыты» ЖШС бас директоры Сәбит Шәкеновтің айтуынша, компания Финляндия және Польша серіктестерімен бірлесіп жаңа астық жинайтын техника зауытын іске қосуға дайын. «Қазақстанға жылына 1,5 мың дана жоғары класты комбайн қажет. Жобаны іске қосу бұл қажеттіліктің төрттен бірін толтырады. Алдағы уақытта Ресейдің шекаралас өңірлеріне экспорттаймыз. 2018 жылы комбайндағы отандық бөлшектер 60 пайызға дейін жетеді», - деді ол.

Жамбыл облысында Орталық Азиядағы ең ірі күн энергиясының стансасы іске қосылды

Жаңа индустрияландыру аясындағы телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысында Орталық Азиядағы ең ірі күн энергиясының стансасын іске қосуға рұқсат берді.

Оңтүстік аймақтағы электр қуатына тапшылық жаңа жобалар арқылы ойдағыдай шешілуде. «Бурный»  күн электр стансасын салуға Германияның «Ecap Solushion» компаниясы тартылды. 150 гектардағы жаңа стансаның қуаттылығы 50 МегаВатт. Ол 15 мың үйді  жарықпен қамтамасыз етеді. 

«Burnoe Solar-1» ЖШС-ның  күн электр стансасының құны - 23,6 млрд теңге, жоба қуаттылығы - 50 МВт.

«Біздің электр станса 150 гектар жерге орналасқан. Ол Орталық Азиядағы ең ірі станса. Күн энергиясының есебінен жылына 73 млн. кВт қуат өндіруге қауқарлы. Біз бүгін іске қосылуға дайынбыз»,-деді «Samruk Kazyna United Green» ЖШС бас директоры Нұрлан Қапенов. 

Қостанай облысында жаңа сүт зауыты іске қосылды - жалпыұлттық телекөпір

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан жаңа индустрияландыру аясындағы жалпыұлттық телекөпірде Қостанай облысындағы жаңа сүт зауыты іске қосылды.

Атап айтқанда, «Лидер-2010» серіктестігі Рудный қаласында жылына 6 млн. 820 тонна сүт пен ашытылған сүт өнімдерін шығаратын жаңа цехты іске қосты. Мұнда өнім құрамы жоғары сапалы шикізатпен байытылып, дәстүрлі әдіспен пастерленеді.  Сақтау мерзімі 5 күннен 21 күнге дейін ұзартылып, қолайлы пэт ыдыстарға құйылады. Еуропалық талапқа сай желі Индустрияландыру картасы бойынша шетелден әкелініп, отандық мамандар арнайы даярланды.

«Біз үш жыл бұрын бастау алған сүт-тауарлы өндірісімізді дамытуды жалғастырудамыз. Осы орайда күн сайын 20 тоннаға дейін сүт өндірудеміз. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, сүтті қайта өңдеу және өнімдерді өндірудің кластерін құрудамыз. Әлемдік стандарт бойынша жаңа сүт зауытын салдық. Оның қуаттылығы жылына 7 мың тоннаны құрайды. Біз өнімде Қазақстанның барша өңіріне және Ресейдің 30 қаласына жеткізудеміз», - деді «Лидер-2010» ЖШС бас директоры Владимир Ширяев.

 2015-2017 жылдары аралығында жылу, сумен жабдықтау және су бұру саласында 10 жоба жүзеге асырылады

2015-2017 жылдары аралығында жылу, сумен жабдықтау және су бұру саласында жалпы құны 464 млн. долларды құрайтын 10 жоба жүзеге асырылады.

Бұл туралы Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен еліміздің «Нұрлы жол» және индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылу барысына арналған жалпыұлттық телекөпір барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

Министрдің айтуынша, жылу, су, су бұру, желілерінің тозуын түбегейлі төмендету мақсатында Ұлттық қордан 2015 жылы 60 млрд., 2016 жылы 90 млрд. теңге қарастырылған. Ағымдағы жылдың өзінде аталған бағыт бойынша өңірлерде 96 әлеуметтік мағызы бар жоба жүзеге асырылуда.

«Тек ағымдағы жылдың өзінде 266,3 шақырым жылу, сумен жабдықтау және су бұру желісі мен 14 қазандық жаңғыртылатын болады. Бұл желілердің тозуын 2015 жылы 67-тен 65 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді және 2,5 мыңнан астам тұрғын үйде тұрып жатқан халық үшін көрсетілетін қызметтердің сенімділігі мен сапасын айтарлықтай арттырады», - деді министр.

Е.Досаевтың сөзіне қарағанда, Еуразиялық даму банкімен Қызылорда, Ақтөбе, Шымкент қалаларында коммуналдық инфрақұрылымдарды жаңғыртуға 95 млн. доллардың келісіміне қол қойылған. 

«Сонымен қатар 2015 жылы Петропавл, Семей және Тараз қалалары бойынша сомасы 131 млн. доллардан асатын жобаларды жүзеге асыру келісіміне қол қойылатын болады. 2015-2017 жылдары аралығында жылу, сумен жабдықтау және су бұру саласында жалпы құны 464 млн. долларды құрайтын 10 жоба шағын қаржы ұйымдарымен жүзеге асырылады», - деді ол.

 «Aluminium of Kazakhstan» зауыты EXPO-2017 нысандарын сапалы өніммен толық қамтамасыз етеді

Алматы облысындағы Aluminium of Kazakhstan» зауыты EXPO-2017 нысандарын сапалы өніммен толық қамтамасыз етеді. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жаңа индустрияландыру аясындағы телекөпірде айтылды.

Мемлекет басшысы бұл өндіріс Қазақстанның құрылыс саласына өте қажет екенін атап өтті.

Бірінші жартыжылдықта аяқталған жаңа өндірістердің айтулысы -  «Aluminium of Kazakhstan» компаниясы. Алюминий  профильдерін   шығарушы «Aluminium of Kazakhstan» зауытының өз құю кешені мен анодтау технологиясы бар. Кәсіпорынға сығымдаудың технологиялық желісі қойылғандықтан өнімі еуростандартқа сай. Алюминий бұйымдары 12 қабаттан  жоғары ғимараттар салуға  және қасбет, есік, терезе жасауға арналған. Ол Экспо-2017 нысандары құрылысына өте керек.

«Aluminium of Kazakhstan» ЖШС алюминий профильдерін шығару  заводының  құны - 2,8 млрд. теңге, жоба қуаттылығы -   жылына 12000  тонна алюминий өнімдері.

«Алюминий профильдері зауытының құрылысы екі жыл бұрын басталып, қазір табысты аяқталды. Зауыт айына 1000 тоннаға дейін өнім өндіреді. Теңдессіз қондырғылар арқылы алюминийдің үш жүзден астам кесінділері шығады. Біз EXPO-2017 нысандарын сапалы өніммен толық қамтамасыз ете аламыз! Құрметті Елбасы! Осындай қуатты зауыт құру мен іске қосу мемлекетіміздің қолдауы аясында жүзеге асып отырғандықтан, Сізге үлкен алғыс айтамыз!» - деді «Aluminium of Kazakhstan» ЖШС  бас директоры Нұрсұлтан Жұмабек.

Енді полипропилен және полиэтилен өнімдері шетелден тасымалданбайды

Енді полипропилен және полиэтилен өнімдері шетелден тасымалданбайды. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан жаңа индустрияландыру аясындағы телекөпірде мәлім болды.

Атырау облысында Арнайы экономикалық аймақта алғашқы жоба биаксальды полипропилен қабықшасын шығаратын «Полимер Продакшн» ЖШС өндірісі іске қосылады. Енді полипропилен және полиэтилен өнімдері шетелден әкелінбейді.

«Полимер Продакшн» ЖШС-да 371 жұмыс орны ашылуда. Жоба қуаттылығы:  48 млн. дана полипропилен қапшығы, 4125 мың тонна полиэтилен қабықшасы,  жылына 14738 тонна биаксальды полипропилен қабықшасы.

«Құрметі Нұрсұлтан Әбішұлы! Біздің «Біріккен химия компаниясы» зауытында 30-дан астам өнім түрі шығарылмақ, оның 60 пайызы экспортталады. Қазақстанда затты буып-түйетін саланы жаңа сапалы деңгейге шығару - жобаның басты міндетінің бірі. 2019 жылы зауыт индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде көршілес мұнай-химия кәсіпорындарынан алынған шикізатты пайдаланады.  Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізге қолдау көрсеткеніңіз үшін алғысымды білдіруге және біздің зауыттың  бірінші екі желісін іске қосуға рұқсат етіңіз!» - деді «Полимер Продакшн» ЖШС бас директоры Ғабит Закария.

 Индустрияландырудың 2-ші бесжылдығын жүзеге асыру барысында әлемдік даму трендтерін қадағалап отыру қажет - Елбасы

Индустрияландырудың 2-ші бесжылдығын жүзеге асыру барысында әлемдік даму трендтерді  қадағалап отыратын арнайы топ құру қажет.

Бұл туралы  еліміздің «Нұрлы жол» және индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылу барысына арналған жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Толықтай алғанда, әлемдік экономиканың технологиялық дамуы мүлдем бөлек тәсілмен жеделдетілуде. Мен дәл осыған баса назар аудартқым келеді. Біз осы индустриалды саясатты жүргізуге мәжбүрміз. Оны бүгінгі заманауи экономикаға көшуіміздің базасы, іргетасы ретінде санауымыз қажет», - деді Н.Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы индустрияландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асыру барысындағы жұмыстар кезінде әлемдік даму трендтерді жіті қадағалап отыратын арнайы адамдардың болуы қажеттігін баса айтты.

«Қазір мүлдем басқа әдіс керек. Барлығы да минералды ресурстарды пайдалануды тарылта түседі әрі мүлдем бөлек әлемдік экономика дамуының жаңа тәртібіне көшеді. Біздерге бейжай қалуға болмайды. Біздің қазір жасап жатқанымыз Қазақстанда осыдан 30-40 жыл бұрын істелуі тиіс еді. Біз мұны бүгін жасауға мәжбүрміз. Онсыз алға секіріс жасау мүмкін емес. Әсет Өрентайұлы, Үкіметте арнайы қарап, мұны қадағалап отыратын арнайы адамдар тобын жасақтау қажет», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы Астанада ірі көлік-логистикалық орталықты іске қосты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Индустриализация күні аясында өткен телекөпір кезінде бірқатар инфрақұрылымдық жобаны іске қосты.

Еліміздің бірнеше өңірінде жаңа нысандар өз жұмысын бастады. Соның ішінде, Астана қаласында "ҚТЖ ҰК" АҚ көлік-логистикалық орталығы іске қосылды. Аталмыш орталық көрші елдерге тасымалданатын тауар айналымын бір арнаға шоғырландыратын нысан болып табылады. Орталықтың іске қосылуы нәтижесінде 850 астам жаңа жұмыс орны ашылмақ, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Сонымен қатар, Президент бүгін "Қазақстанда жасалған" атты отандық тауар өндірушілер көрмесін көріп қайтты. Шарада еліміздің барлық өңірлерінен 80-нен астам компания өз өнімдерін ұсынып отыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің негізгі бағыты: жаңа кәсіпорындар, жаңа өндірістік желілер, шығарылатын өнімді жандандыру және кеңейтудегі жаңа бастамалар. Көрме, ең алдымен, отандық тауарлар мен кәсіпорындар туралы ақпаратты халыққа кеңінен таратуға бағытталған.

Президентке инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысы таныстырылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа индустрияландыру аясындағы телекөпірде «Нұрлы жол» бағдарламасы тұрғысындағы инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысы таныстырылды.

Мемлекет басшысын Орал -  РФ шекарасы автожол учаскесі құрылысының басталуы және «Ақтау Теңіз порты» ЕЭА-нда 3 құрғақ жүк терминалы құрылысының аяқталғандығы туралы хабардар етті.

 «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Жолдауыңыз бойынша Астана мен өңірлерді байланыстыратын ұзақтығы 7 мың шақырым 11 автожол жобасын іске асыру көзделген. Автожол жобаларын іске асыру барысында 200 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. 2020 жылға дейін қозғалыс қарқындығы 2,5 есе өседі. Автомобиль көлігімен транзит 2 есеге артады. Басым жобалардың бірі - Астана мен Алматы арасын Қарағанды, Балқаш және Қапшағай қалалары арқылы байланыстыратын, I санаттағы, жалпы ұзақтығы 1 282 км «Орталық-Оңтүстік» дәлізі болып табылады. Астана мен Алматы арасында жол жүру уақыты 6 сағатқа азаяды. Қазір біз «Алматы-Қапшағай» учаскесінде тұрмыз. Биыл осы учаске бойымен бір бағыттағы жол қозғалысын ашуды жоспарлап отырмыз»,-деді ҚР Инвестициялар және  даму жөніндегі 1-ші вице-министрі Жеңіс Қасымбек.

Өз кезегінде Павлодар облысынан сөйлеген «Қазавтожол ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ұлан Әліпов бағдарламаның ірі жобаларының бірі - Павлодар мен Семей қалалары арқылы өтетін жалпы ұзындығы 1 018  шақырым құрайтын «Орталық-Шығыс» дәлізі болып табылатындығын атап өтті.

«Қазіргі таңда жұмыстар 500 км болатын 16 учаскеде жүргізілуде, оның ішінде 100 км биылғы жылы пайдалануға беріледі. Қазір, біз аталған дәліздің құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардың бірінде  Ертіс өзені арқылы өтетін  көпір өткелінде тұрмыз. Құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде,  келесі жылы Астананың жолын «Павлодар-Семей» автожолымен осы көпір арқылы байланыстырамыз. Бұл өткел Павлодар қаласында орналасқан Ертіс өзені арқылы өтетін жалғыз ескі көпірдің жұмысын жеңілдетеді»,-деді ол.

Бұдан бөлек, «Қазавтожол ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ермек Қизатов    «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Орталық-Батыс» көлік дәлізінің құрылысымен таныстырды.

«Бұл жоба Астананы Қазақстанның батыс облыстарымен сапалы автокөлік  жолы арқылы байланыстырады. Сондай-ақ, макроаймақтың тұтас дамуына ықпалы етіп, Ресей нарығына отандық тауарларды экспорттау мүмкіндігін арттырады. Аталған жоба Ресейдің  оңтүстіктегі Астрахань,  Волгоград және Саратов қалаларына шығуға мүмкіндік береді. Бүгін «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы  «Орал  - Тасқала - Саратов» учаскесін жаңғыртуға  дайын. Құрметті Президент, жұмысты бастауға рұқсат сұраймыз!» -деді Қизатов.

7 мың жалдамалы пәтер беріледі

Жыл соңына дейін 7 мың жалдамалы пәтер беріледі. Бұл туралы Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен еліміздің «Нұрлы жол» және индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылу барысына арналған жалпыұлттық телекөпір барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

«2015-2016 жылдары жалдамалы үйлерді салуға және сатып алуға Ұлттық қордан 145 млрд. теңге қарастырылған. Ағымдағы жылы 7 мыңнан астам пәтер салынып, сатып алынады. Бұл үшін республикалық бюджет қаржысын қоса алғанда 122 млрд. теңге бөлінген», - деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, ағымдағы жылдың наурыз-сәуір айларында жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар арасында жалпы аумағы 133 мың шаршы метр болатын 2437 пәтер таратылған.

«Ағымдағы жылдың маусым айында жалпы аумағы 21 мың шаршы метрді құрайтын кезекті 360 пәтерді бөлу басталды. Қазіргі уақытта 2015 жылы еліміз бойынша берілуі тиіс жалпы аумағы 200,9 мың шаршы метрді құрайтын 3280 жалдамалы пәтердің құрылысы жүргізілуде», - деді Е.Досаев.

 Салынып жатқан көпқабатты үйлерде балабақшалар орналастыру қажет - Н.Назарбаев

 Салынып жатқан көпқабатты үйлерде балабақшалар орналастыру қажет. Бұл туралы еліміздің «Нұрлы жол» және индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылу барысына арналған жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Тұрғын үй құрылысына, сонымен қатар балабақшаларға қатысты айтарым, барлық облыстарда бұған жеке компанияларды тартуға тырысу қажет. Біз олардың қалай жақсы жұмыс істейтіндігін көрдік. Біз салынып жатқан көпқабатты үйлерде балабақшалар орналастыру қажеттігін айттық. Біз салып жатқандай бассейні мен ботаникалық бағы бар сарайлар қажет емес. Доғару қажет. Бұл үйлерде қарапайым балабақша болуы тиіс. Яғни, сол үйлердің балалары бара алатын 500, 100 шаршы метр болуы тиіс», - деді Елбасы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан тарихында болмаған медициналық және білім беру мекемелерінің салынғанын атап өтті.

«Мұның барлығын соңына дейін жеткізейік. Содан кейін алға қарай ілгерілейік. 100 жыл өмір сүрдік әрі алдағы уақытта да жақсы кезеңде өмір сүретін боламыз», - деді Елбасы.

 Ел мен болашақ үшін салынып жатқан жолдардың сапасына мұқият қарауды талап етемін - Н. Назарбаев

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа индустрияландыру аясындағы жалпыұлттық телекөпірде салынып жатқан жолдардың сапасына ерекше мән беруді тапсырды.

 «Автокөлік жолы, темір жол болашақ ұрпақ үшін салынып жатыр. Қазақстанның барлық жерінде тоқтамастан жол салынуда. Астанадан тарайтын сәуле сияқты жан-жаққа шығатын сапалы жол болады. Біздің кең байтақ Ұлы Даланың жерінде үлкен жолдар ашылып, халыққа жұмыс орындары құрылады. Сондықтан салынып жатқан жолдың сапасына өте үлкен көңіл бөлулерің керек. Биыл салынып, ендігі жылы қайтадан жөндеуге түсетін болмасын», - деді Президент жауапты ведомстволарға қаратып айтқан сөзінде.

Осы орайда Елбасы жол құрылысына, инфрақұрылымға қыруар қаржы салынып жатқандығын, жаңа техникалар тартылып отырғандығын, мамандар даярлықтан өтіп жатқандығын айта келе: «Барлығының сапасы сіздердің мойындарыңызда. Ел мен болашақ үшін салынып жатқан жолдардың сапасына мұқият қарауларыңды талап етемін!» - деді.

 

Мемлекет басшысы: Біз әлемге жаңа Қазақстанды танытуымыз қажет

Жапония - күншығыс елі, Корея - таңғы шық елі, ал Қазақстан  - ұлы дала елі. Бұл туралы еліміздің «Нұрлы жол» және индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылу барысына арналған жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Жапония  - күншығыс елі, Корея - таңғы шық елі, Нидерланды - қызғалдақтар елі. Қытай - аспан асты елі.  Біздерге бұл да жетіспейді. Қазақстан  - ұлы дала елі. Ұлы дала, мәңгілік зеңгір көк аспан. Біртұтас түс біздің елімізді біріктіре түседі», - деді Елбасы.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы бүгінгі таңда жаңа Қазақстанды әлемге таныту қажеттігін баса айтты.

«Біз - ұлы дала перзенттеріміз. Біз тек көшпенділер ғана емеспіз. Дәл осы ұранмен, осы жаңа брендпен біз әлемге жаңа Қазақстанды танытуымыз қажет. Бұл үшін мен индустрияландыру, жаңа экономикалық саясат, 5 институттық реформа идеяларын ұсындым», - деді Н.Назарбаев.

 

Өндірістердің жоспарланған қуатына көшуі үшін облыс әкімдері мен Үкімет бірлесе тиісті жұмыстарды атқаруы керек - Елбасы

Қиын-қыстау жағдайда жүзеге асырып жатқан біздің барлық шараларымыз елдің игілігі үшін жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа индустрияландыру аясындағы жалпыұлтық телекөпірде мәлім етті.

«Үлкен өндірістерді салып жатырмыз. Оның барлығы Қазақстанның болашағына жұмыс істейтін болады. Қазіргі салынып жатқан өндірістер ертеңгі күні экономикамызға ауқымды тауарларды құятын болады, Қазақстанның экспортын ұлғайтуға үлес қосады. Осы орайда халқымызға жаңа жұмыс орындары ашылады. Қиын-қыстау жағдайда жүзеге асырып жатқан біздің барлық шараларымыз елдің игілігі үшін жұмыс істеп жатыр»,-деді Елбасы.

Осы орайда Президент еліміздегі бағдарламалар орындалып жатқандығын атап өтті.

«Өткен 5 жылда 4,5 трлн. теңгенің өнімі өндірілді. Жаңадан салынған өндірістер экономикамызға пайдасын тигізіп жатыр», -деп тоқталды Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Елбасы пайдалануға берілген және іске қосылатын өндірістердің барлығы жоспарланған қуатына көшуі үшін барлық облыстардың әкімдері мен Үкімет бірлесе тиісті жұмыстарды атқаруы керектігін тапсырды.

Бұл тұрғыда Н. Назарбаев бүгінде мұнай мен металдар бағасының төмендеуі салдарынан болып жатқан кері әсерді іске қосылған өндірістердің өнімділігінің арқасында экономиканы дамыту арқылы еңсеру керектігін тапсырды.

 Президент еліміздің автокөлік жолдарының сапасына жауап беретін бірыңғай операторды құру керектігін айтты

Президент еліміздің автокөлік жолдарының сапасы мен оны күтіп ұстауға жауап беретін бірыңғай операторды құру керектігін айтты. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа индустрияландыру аясындағы жалпыұлттық телекөпірде мәлім етті.

 «Үкімет барша еліміздің жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға, күтіп ұстауға толық жауап беретін бірыңғай операторды құру туралы ойлануы керек. Мәселен, бізде биыл жол салсақ, келесі жылы жолдарда шұңқырлар пайда болатын жағдайлар кездеседі. Бұдан кейін тағы жолды жаңартамыз. Осындай жағдайларға жол берілмеуі  тиіс», - деді Президент жауапты ведомстволарға қаратып айтқан сөзінде.

Мемлекет басшысы салада жұмыс істейтіндер жол сапасы бойынша жауапкершілікті ұмытпауы тиіс екенін қадап айтты.

Бұдан кейін Ұлттық қордан экономиканы қолдауға ақша берілмейтін болады - Елбасы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа индустрияландыру аясындағы жалпыұлттық телекөпірде Үкіметке өзінің ішінен резервтерді жинап, қаржы табуы керектігін тапсырды.

«Салынып жатқан жолдар мен құрылған өндірістер - Қазақстанның, халқымыздың қуанышы. Бұндай өндірістерді салу үшін мемлекеттің қуаты мен қаржысы болуы керек. Қаражаты жоқ мемлекеттер ешуақытта осындайды жасай алмайды. Осыған жеткенімізге тәубе деп айтуымыз керек. Мүмкіншілігіміздің бар екеніне шүкіршілік! Бірақ, қиын-қыстау жағдайда жинаған қорды біз ысыраптап, жая беруге мүмкіншілігіміз жоқ. Бұдан артық Ұлттық қордан ақшаны бермейтін боламыз. Үкімет өзінің ішінен резервтерін жинап, қаржысын табуы керек. Бөлінген қаражатты жақсылап пайдалануы қажет. Оның нәтижесін елге көрсетуі тиіс»,-деп тоқталды Елбасы.

«Қанша қиыншылық болса да, экономиканың өсімін төмендетпеу керек. Әр облыс, әр министрлік «жаңадан табатын қандай резервтер бар»,  «қай жерден өндірісті көбейтеміз» деп ойлауы қажет. Қандай қиындық кездессе де қайыспай, барлық жоспарымызды іске асыру - біздің алдымызда тұрған міндет»,-деп түйді Президент.

Президент қазақстандық жастардың арасынан жаңа ғалымдар мен өнертапқыштарды іздеуге шақырды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа индустрияландыру аясындағы жалпыұлтық телекөпірде қазақстандық жастардың арасынан жаңа «әмбебап» адамдарды, ғалымдарды және өнертапқыштарды іздеуге шақырды.

«Мен жақында Миландағы «ЭКСПО» көрмесінде болдым. Ол жерде біздің аграрлық қызметкерлер келілік апортты көрсетті. Көрмедегілердің барлығы осы алманы көріп, таңданды. Қазақстан алманың өлкесі екенін барлығы түсінеді», - деп тоқталған Елбасы, бүгінде елімізге құм мен тастақта орналасқан Израильден құлпынай жеткізіліп жатқандығын, осы орай жаңа технологиялар мен зерттемелер, тың жаңалықтар елімізде көптеп ұсынылуы керектегін қадап айтты.

Президент әлемдік алаңда ұсыну үшін жастарды жаңа идеялар мен брендтерді іздеуге шақырды. «Біз талаптыларды тәрбиелеу керекпіз. Жастарымыздың жаңа идеяларды іздеуін қалаймын, елімізде үлкен таланттар бар. Біз әлемде қазақстандық брендпен танылуымыз қажет», - деді Мемлекет басшысы.

 

 

Екібастұзда вагон дөңгелектерін шығарудың инновациялық жобасын орындауға кірісті

Екібастұзда «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен темір жол көлігіне арналған дөңгелектер өндіретін жаңа цех жұмысын бастайтын болды. Жоба бүгін «Көрме»  орталығында ҚР Президенті Н. Назарбаевқа көрсетілді.

«Жаңа цех осы айдан бастап жұмысын бастайды, - деп хабарлады «Проммашкомплект» ЖШС бас директоры Артур Хачатурян. - Жобаның 40 млрд теңгесін банк, 10 миллиардын кәсіпорын инвестициялайды. Құрылысты «Астана Құрылыс» ЖШС жүргізуде».

А. Хачатурянның айтуынша, Екібастұз өңірінде темір жол кластері белсенді даму үстінде. Цехтың жоспарланған жобалық қуаты - темір жол көлігіне арналған 200 мың дөңгелек. Жаңа өндірісті 2017 жылы іске қосу жоспарлануда. Бұйымдар бөлігі ішкі нарыққа, көп бөлігі - таяу шетелге жеткізілетін болады.

Өнім  жолаушылар және жүк тасымалдайтын, локомотивтік парктің жылдамдығы жоғары жылжымалы құрамына арналған. Жаңа өндірісті енгізу    «Проммаокомплектке»  кәсіпорын қуатын жылына  өнімді 75-тен   200 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. «Жаңа өндірістік желі құрылысы «Проммашкомплект» инвестициялық жобасының екінші кезеңі болмақ», - деп атап өтті кеше Екібастұзға барған сапарында облыс әкімі Қанат Бозымбаев.  

ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ КҮНІ: Теміртау металлургтері №3 домна пешін жаңғыртудың арқасында өнімділікті арттырды

Қарағанды облысы бүгін Индустрияландыру күнінде, жалпы ұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жаңғыртылған №3 домна пешін көрсетті.

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! 3 шілдеде алғашқы шойын құйған кезге 55 жыл толады - ол үрдіске Сіз тікелей қатысқан болатынсыз! Бүгінгі ерекше күнмен Сізді құттықтауға рұқсат етіңіз. Сіздің Теміртауда тұрып, еңбек еткеніңізді мақтан тұтамыз. Металлургтер үнемі Сізді қолдайды және елдің игілігі үшін еңбек ете бермекпіз», - деп  Президентке сөзін арнады ардагер металлург Тоқтархан Ысқақов.

Содан кейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Виджай Махадеван жылына болаттың көлемін  60 млн тоннаға дейін ұлғайту - алға қойған міндетіне қол жеткізуге бағытталған кәсіпорынның қадамдары жайлы айтып берді. «Біз №3 домна пешін жөндеуден өткіздік. Оның өнімділігі 12,5 пайызға ұлғайды. Заманауи технологиялар қолданылды. Тау-кен жұмыстарының жағдайы жақсартылуда. Қоршаған ортаға тарайтын зиянды әсерлер азаюда. Біз жобалық көрсеткішке шықтық, яғни тәулігіне 6,3 мың тонна шойын өндіреміз», - деп атап өтті компания басшысы.

Мемлекет басшысы металлургтерді құттықтап, табыстар тіледі. «Қазіргі күрделі жағдайға қарамастан домна пеші жөндеуден өтті. Бұл ауқымды қаражат, қомақты шығын, жаңа технология», - деді Н. Назарбаев.

Жоба құны 170 млн астам АҚШ долларын құрады. Домнаны жөндеуге 20-дан астам қазақстандық кәсіпорындар тартылды.

№3 домна пешін жаңғырту оның өнімділігін 2,3 млн тоннаға дейін артыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, өнеркәсіптік суды тұтыну 30 пайызға, электр энергиясын тұтыну - 8 пайызға, қортқы көмірді тұтыну 2 пайызға төмендеді.

Жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде заманауи технологиялар пайдаланылды. 2015 жылғы 15 ақпанда №3 домна пеші қыздырылды, 18 ақпанда алғашқы шойын құйылды.

Н. Назарбаев: Бүгінде өңдеу өнеркәсібінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 22 жаңа жоба жүзеге асыруға дайындалып жатыр

Индустрияландыру күніне арналған іс-шара алдында Мемлекет басшысы жаңа айшықты жобалармен және отандық жеңіл өнеркәсіп өнімдерімен танысты, сондай-ақ «Қазақстанда жасалған» атты көрмені аралап көрді.  

Жалпыұлттық телекөпір аясында Индустрияландыру картасы мен «Нұрлы жол» бағдарламасының бірқатар жобалары іске қосылды. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған өндірістердің қызметі таныстырылды.

Жиналғандарға арнаған сөзінде Қазақстан Президенті бірінші өнеркәсіптік бесжылдық кезінде шамамен 33 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылып, оның жартысы елді индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасына тиесілі болғанына назар аударды.

Мемлекет басшысы индустрияландырудың екінші бесжылдығы бұрынғыдан да нақтырақ көрініске ие екенін айтты.

- Басымдығы бар алты сала анықталды, олар - мұнай өңдеу және металлургия кешені, тамақ және химия өнеркәсібі, өнеркәсіптік жабдықтар және құрылыс материалдары өндірісі. Бәрінің негізінде кластерлік тәжірибе жатыр. Жаңа бағдарламада біз бірінші бесжылдықтың сабақтарын барынша ескеріп, жинақталған тәжірибені қолдануға тырыстық, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бүгінде өңдеу өнеркәсібінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 22 жаңа жоба жүзеге асыруға дайындалып жатқанына атап өтті.  

- Жүйе құраушы бірқатар ірі жобалар бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, «Рено-Ниссан» альянсымен бірлесіп, толық циклды автозауыттың және автоқұрамдауыштар шығаратын технопарктің құрылысы іске қосылады. Италияның «Тенарис» компаниясы премиум санатты құбыр өндіретін зауытқа инвестиция салады. Ағылшындық  «Дандо Дрилингпен» бірлесіп, бұрғылаушы қондырғылар өндіретін зауыт іске қосылады. Ресейлік «Еврохим» минералдық тығайтқыштар өндіруді жоспарлап отыр. Канаданың «Куду Индастриз» компаниясы мұнай-газ саласына арналған винтті-сорғылар өндірісін жолға қоюға ниетті. «Жібек жолы» бағдарламасы бойынша ынтымақтастық аясында қытайлық серіктестермен жобалардың үлкен бір тобы жүзеге асырылуда, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыруды Стратегия-2050-дің елді әлемдегі барынша дамыған 30 мемлекет қатарына қосу жөніндегі басты мақсаттарына жетуге бағытталған бүкіл мемлекеттік саясатының өзегі ретінде атады. 

Қазақстан Президенті жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тиімділігі мен өнімділігін көтерудің қажеттілігін атап айтты.

- Бұл үшін ұқыпты өндіріс жүйелерін, роботтандыру және автоматтандыру элементтерін енгізу, технологиялық желілерді жаңғырту талап етіледі. Әсіресе бұл біздің металлургия, мұнай өңдеу, химия сияқты дәстүрлі салаларымызға қатысты, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Мемлекет басшысы Қазақстан үшін түбегейлі жаңа - мұнай-газ химиясы, автомобиль құрастыру және тағы басқа өнеркәсіп салаларын құру мен дамытудың маңыздылығына тоқталды.

- Мұндағы шешімнің мәні - жаһандық ойыншылармен бірге бірнеше ірі стратегиялық жобаларды жүзеге асыруда. Үкіметке, ұлттық холдингтерге осындай жобалардың тізбесін анықтап, оларды жүзеге асыруға жауаптыларды бекітуді тапсырамын. Заманауи технологияларға, компетенциялар мен жаһандық өткізу нарықтарына қол жеткізу үшін он трансұлттық корпорация мен «зәкірлі» инвесторлар тартуды қамтамасыз ету керек, - деді Қазақстан  Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарының өндірісі, машина жасау сияқты секторларда отандық бизнесті дамытып, бәсекеге қабілетті өнім жасау және сыртқы нарықтарға шығу үшін зор әлеует бар  екеніне назар аударды. Осыған байланысты «Бәйтерек» холдингіне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Ұлттық чемпиондар» жобасын жүзеге асыру тапсырылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы тікелей елімізбен байланыстырылатын және оның халықаралық аренадағы имиджіне оң ықпал ететін өз брендімізді әзірлеудің маңыздылығын айтты.

Қазақстан Президенті ықпалдастық аясында, әсіресе Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресейдің, Орталық Азияның, Қытайдың, Үндістан мен Иранның шекара маңындағы нарықтарына шығу үшін мейлінше ауқымды жұмыстарды бастаған жөн екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев ДСҰ-ға мүше болу экономикамыз үшін жаңа көкжиектерге жол ашатынына назар аударды.

- Бір жағынан, бұл біздің кәсіпорындардың шетелдік алып нарықтарға шығуын, екінші жағынан, тұтынушылардың көптеген тауарлар мен қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік аламыз. Біздің міндетіміз - Қазақстан компанияларының жаңа жағдайға тезірек бейімделіп, ДСҰ-ға кіруден мейлінше пайда табуға көмектесу, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы болашақ ұрпақ игілігі үшін ұзақ мерзімге жалғасатын нәтижелерге бағытталған «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының айрықша маңыздылығын атап өтті.

- Бізді ел ішінде 7 мың шақырым автожолдар салу және жөндеу жұмыстары күтіп тұр. Алдағы 3 жылда бағдарлама мақсатына 20 миллиард доллардан астам қаражат жұмсалады, оның үштен бірінен астамын халықаралық қаржы институттары бөледі. Төрт жыл ішінде бағдарлама ІЖӨ өсімін 16 пайызға еселейді деп күтілуде. Қорытындысында 2019 жылға қарай біз ірі қалалар арасындағы жолға кететін уақытты үш есе қысқартып, елдің біртұтас энергетикалық жүйесін қалыптастыруды және ең бастысы, бүкіл экономикамызды ортақ нарыққа біріктіруді көздеп отырмыз, - деді  Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті «Нұрлы жол» бағдарламасы өнеркәсіпті және қызмет көрсету саласын жандандыруға да мүмкіндік беретінін айтты.

- Бизнесімізге бағдарлама жобаларының жүзеге асырылуына толыққанды атсалысуға мүмкіндік беру үшін жергілікті құрамды күшейту қажет. Ол үшін керекті азық-түлік, жатын орын, техникалық сервис сияқты заманауи қызметтерді дамыту өз кезегінде еліміз арқылы өтетін бағдарлардың тартымдылығы мен жайлылығын арттырады. Бұдан бөлек, біз қазақстандықтардың бірнеше буынына қызмет ететін жолдар салатын боламыз. Бұл үшін олардың тек сапалы салынуына ғана емес, ұдайы қолдау және күтім көрсетіліп отыруына көңіл бөлу керек. Үкімет бүкіл еліміздің жол-көлік инфрақұрылымының жай-күйі мен дамуына жауап беретін бірыңғай оператор қалыптастыруды ойластыруға тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» - Ұлт жоспары аясында құрылыс, жер қойнауын пайдалану, энергетика және тасымалдау салаларындағы реттеу ісі озық халықаралық тәжірибелерге сәйкестендірілетінін атап өтті.  

Соңында Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан барлық реформалар елімізді дамыта түсу үшін сапалық тұрғыдан жаңа жағдайлар жасауға бағытталып отырғанын айтты.

- Отандық экономикамызда жекеменшік сектордың рөлін арттыру жолындағы  мемлекеттің жүйелі қадамының бірі осы. Бұл ел азаматтарының тұрмысын жақсартуға да септігін тигізетін болады. Бүгін біз айтарлықтай нәтижелер бар екеніне көз жеткіздік. Ендігі міндетіміз - ел алдына қойылған маңызды міндеттерді іске асыру, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Шара барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша инвестициялар және даму министрі  Ә.Исекешев, ұлттық экономика министрі Е.Досаев, Павлодар облысының әкімі Қ.Бозымбаев, Алматы облысының әкімі А.Баталов баяндама жасады.

Ел мен болашақ үшін салынып жатқан жолдардың сапасы айрықша назарда болмақ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» және индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға арналған Индустрияландыру күніне қатысты.

«Жаңа бесжылдық аясында бірқатар индустриалдық жобаларды іске қосып жатырмыз. Алда атқарылатын істер Қазақстанның экономикасын одан ары дамытуға үлесін тигізетін болады. Еліміздің әлеуетін арттыра түсу үшін бұл саясатты жүзеге асырудың маңызы Қазақстан үшін өте зор. Бүгінгі басқосу осы бағыттағы міндеттердің орындалу бағдарламасын, іске қосылатын өндірістер жайында, өнім сапасы мен шетелге шығарылатын тауарлар туралы талқылаймыз», - деді Президент.

Елбасы осы мәселелерге ерекше назар аударып отырғанын айта келе, ең бастысы, экономика өсімі қарқынының төмендеуіне жол бермеу керек екенін, сондықтан басты мақсат-міндеттердің орындалуы қадағалауда болуы қажет екенін қадап айтты.

Мемлекет басшысы индустрияландырудың екінші бесжылдығы бұрынғыдан да нақтырақ көрініске ие екенін айтты. «Басымдығы бар алты сала анықталды, олар - мұнай өңдеу және металлургия кешені, тамақ және химия өнеркәсібі, өнеркәсіптік жабдықтар және құрылыс материалдары өндірісі. Бәрінің негізінде кластерлік тәжірибе жатыр. Жаңа бағдарламада біз бірінші бесжылдықтың сабақтарын барынша ескеріп, жинақталған тәжірибені қолдануға тырыстық», - деп атап өтті Президент.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті бүгінде өңдеу өнеркәсібінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 22 жаңа жоба жүзеге асыруға дайындалып жатқанына атап өтті. «Жүйе құраушы бірқатар ірі жобалар бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, «Рено-Ниссан» альянсымен бірлесіп, толық циклды автозауыттың және автоқұрамдауыштар шығаратын технопарктің құрылысы іске қосылады. Италияның «Тенарис» компаниясы премиум санатты құбыр өндіретін зауытқа инвестиция салады. Ағылшындық «Дандо Дрилингпен» бірлесіп, бұрғылаушы қондырғылар өндіретін зауыт іске қосылады. Ресейлік «Еврохим» минералдық тыңайтқыштар өндіруді жоспарлап отыр. Канаданың «Куду Индастриз» компаниясы мұнай-газ саласына арналған винтті-сорғылар өндірісін жолға қоюға ниетті. «Жібек жолы» бағдарламасы бойынша ынтымақтастық аясында қытайлық серіктестермен жобалардың үлкен бір тобы жүзеге асырылуда», - деді Мемлекет басшысы.

Мұнымен қоса Елбасы ДСҰ-ға мүше болу экономикамыз үшін жаңа көкжиектерге жол ашатынына назар аударды. Бір жағынан, бұл біздің кәсіпорындардың шетелдік алып нарықтарға шығуын, екінші жағынан, тұтынушылардың көптеген тауарлар мен қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз етеді. «Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік аламыз. Біздің міндетіміз - Қазақстан компанияларының жаңа жағдайға тезірек бейімделіп, ДСҰ-ға кіруден мейлінше пайда табуға көмектесу», - деді Н. Назарбаев.

Айта кетейік, осы шара барысындағы жалпыұлттық телекөпір аясында Индустрияландыру картасы мен «Нұрлы жол» бағдарламасының бірқатар жобалары іске қосылды. «Онлайн» режімінде 10 жаңа нысан пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысын Орал-РФ шекарасы автожол учаскесі құрылысының басталуы және «Ақтау Теңіз порты» ЕЭА-нда 3 құрғақ жүк терминалы құрылысының аяқталғандығы туралы хабардар етеді. Сонымен бірге ҚР Президентіне 5 инфрақұрылымдық нысанның құрылыс барысы таныстырылады.

Президент ел мен болашақ үшін салынып жатқан жолдардың сапасына мұқият қарауды талап ететінін атап өтті.

«Автокөлік жолы, темір жол болашақ ұрпақ үшін салынып жатыр. Қазақстанның барлық жерінде тоқтамастан жол салынуда. Астанадан тарайтын сәуле сияқты жан-жаққа шығатын сапалы жол болады. Біздің кең байтақ Ұлы Даланың жерінде үлкен жолдар ашылып, халыққа жұмыс орындары құрылады. Сондықтан салынып жатқан жолдың сапасына өте үлкен көңіл бөлулерің керек. Биыл салынып, ендігі жылы қайтадан жөндеуге түсетін болмасын», - деді Президент жауапты ведомстволарға қаратып айтқан сөзінде.

Осы орайда Елбасы жол құрылысына, инфрақұрылымға қыруар қаржы салынып жатқандығын, жаңа техникалар тартылып отырғандығын, мамандар даярлықтан өтіп жатқандығын айта келе: «Барлығының сапасы сіздердің мойындарыңызда. Ел мен болашақ үшін салынып жатқан жолдардың сапасына мұқият қарауларыңды талап етемін!» - деді.

Соңғы жаңалықтар