Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ахуалға алаңдаушылық білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ахуалға алаңдаушылық танытты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы жылдары әлемдегі ахуал қарқынды түрде кері кетіп барады. Басты сын-тегеуірін коронавирус пандемиясы болып тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазірдің өзінде әлемде вирус жұқтырғандардың саны 250 млн адамнан асып түсіп, 5 млн-нан астам адам ажал құшты. Бұл бейбіт уақыттағы жаға ұстатарлық статистика. Жаһандық қоғамдастық әзірше вирустың таралуын тізгіндей алмай отыр. Әлемдік ірі державалар арасындағы теке-тірестік күшеюі де теріс факторға айналған. Әсіресе, АҚШ пен Қытай күштік құрылымдарын көбейтіп отырған Тайвань төңірегіндегі ахуал ерекше алаңдаушылық тудырады. Ресей мен еуропалық елдер арасындағы геосаяси шиеленіс те төмендер емес. Украина төңірегіндегі жанжал сақталуда», - деп еске алды Елбасы «Астана клуб-2021» отырысында.

ҚР Тұңғыш Президенті Ауғанстан төңірегіндегі ахуалдың да күрделі болып отырғандығына назар аудартты.

«Тәліптердің тез арадағы жеңісі мен америкалықтардың кетуі бұл елдегі ахуалды түбегейлі күрделендіріп жіберді. Ауғанстан таяу келешекте-ақ ауқымды гуманитарлық апатпен бетпе-бет келуі мүмкін. БҰҰ мәліметінше, 23 млн адам немесе ауған халқының жартысынан көбі азық-түлік жетіспеушілігінің зардабын тартады. Бұл босқындардың жаңа толқынына түрткі болуы ықтимал. Тек 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана олардың саны 400 мың адамнан асып түсті», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев ядролық стратегиялық тұрақтылық саласындағы жағдай да барынша күрделі болып тұрғанын, ядролық қару-жарақты бақылаудың жаһандық жүйесі күйрегендігін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар