«Нұрлы жол»: Түркістан облысында ұзындығы 180 шақырым айналма жол салынады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында 2020-2025 жылдар аралығында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 180 шақырым жаңа айналма жолдардың құрылысы жүреді. Бұл туралы жол құрылысындағы жобалармен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған көшпелі кеңес барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев қатысқан отырыста биылғы жылы салынатын жолдардың барысы таныстырылды. Атап айтқанда, Шымкент қаласы маңындағы 48 шақырымдық Оңтүстік-Батыс және Түркістан қаласы жанындағы 30 шақырымдық Шығыс, сондай-ақ, Сарыағаш қаласы тұсындағы 102 шақырымдық айналма жолдардың құрылысы басталмақ.

«Оңтүстік өңіріндегі А-15 жолының бойында 700 мыңға жуық халық тұрады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, орталық мемлекеттік атқарушы орган өкілдерін арнайы көшпелі кеңеске шақырдық. Мақсат – тұрғындарға сапалы, қауіпсіз жолды жедел уақытта жөндеп, пайдалануға беру. Жиын қорытындысы бойынша біз орталық атқарушы органдармен, «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясымен, мердігерлермен жол картасын әзірледік. Карта негізінде А-15 автожолын жөндеу жұмыстары қазан айының соңында толық аяқталады. Сондай-ақ, Сарыағаш-Келес жолын кеңейту жұмыстары алдағы жылы басталмақ. Жолдың сапалы әрі уақытылы аяқталуы облыс басшысының назарында. Сондай-ақ, А-15 автожолында ауыр жүк көліктерінің жүруін Түркістан облыстық көліктік бақылау инспекциясына қадағалауға алу қажет», - деді облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Иябайұлы.

Бұдан өзге, өңірдегі М-32 «Самара-Шымкент» трассасының 11 шақырымы, А-15 «Жизақ-Жетісай-Жібек жолы» трассасының 77 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бүгінде біршамасы аяқталған. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтің айтуынша, қазіргі таңда Түркістан облысында 1500 шақырымнан астам жол жөнделіп жатыр. Жыл соңына дейін 1200 шақырымы пайдалануға беріледі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыстың оңтүстік аудандарындағы жол сапасы мен транзитттік әлеуетті арттыруға көңіл бөлінуде. Осыған орай, Мақтаарал ауданы бойындағы автожолдың 90 пайызы жақсы және қанағаттанарлық, Жетісай ауданы бойындағы жолдың 95 пайыз, ал жалпы облыс бойынша 74 пайыз жол жақсы және қанағаттарлық деңгейге жететін болады.


Соңғы жаңалықтар