«Нұрлы жол» бағдарламасының жаңа бесжылдығы қандай нәтиже береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «Нұрлы жол» бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған жаңа жобасы туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлық жоспарланған қолданыстағы «Нұрлы жол» индикаторлары мен іс-шаралары уақытында орындалады. Бұл ретте көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі жаңа міндеттер «Нұрлы жол» бағдарламасының жаңа бесжылдығында көрініс табады. Жаңа мемлекеттік бағдарлама халық үшін қолайлы және қолжетімді болатын көлік инфрақұрылымын құруға бағытталып, ұтқырлықты, еңбек өнімділігін және өмір сапасын арттырады. Жаңа мемлекеттік бағдарлама жобасы кеше (21 қазанда) Үкіметке енгізілді», - деді Атамқұлов.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында 2025 жылға дейін жалпы көлемі 6 триллион 598 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде: 58 проценті (3 трлн 794 млрд 6 млн теңге) – республикалық бюджеттен; 11 проценті (715 млрд 3 млн теңге) – жергілікті бюджеттен; 26 проценті (1 трлн 759 млрд теңге) – мемлекет-жекешелік әріптестігі мен жеке инвестициялар; 5 проценті (329 млрд 6 млн теңге) – ұлттық және мемлекеттік компаниялардың қаражаты.

Автожол инфрақұрылымын дамыту аясында республикалық желінің 10 мың шақырымын қайта жаңарту, 11 мыңын жөндеу, ал жергілікті желінің 27 мың шақырымын жөндеу жоспарлануда.

«Теміржол саласында «Достық-Мойынты» учаскесін республикалық бюджеттен жаңғырту және «Мойынты-Ақтоғай» учаскесін (мемлекет-жекешелік әріптестігі) электрлендіру жоспарлануда. Шағын әуе желілерін дамыту мақсатында 16 әуеайлағын (жергілікті атқарушы органдар) салу жоспарлануда.

Су көлігін дамыту үшін 48 кеме, оның алтауы сауда флоты үшін сатып алу, шлюздерге күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Автомобиль көлігі саласында ұлттық стандартқа сәйкестендіру үшін 133 автостанция/автовокзал және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерін салу мен қайта жаңарту жоспарлануда», - деді министр.

Жаңа «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде: 551 мың жұмыс орны ашылып, оның 48 жарым мыңы тұрақты, 502 мыңнан астамы уақытша жұмыс орны болады; еңбек өнімділігі 2019 жылғы деңгейге қарағанда 20 процентке өсіп, адам басына шаққанда 8 миллион 700 мыңнан 10 миллион 400 мың теңгеге артады; транзиттен түсетін табыс жылына 61 процентке өсіп, 2 миллиард 400 миллионнан 4 миллиард 200 миллион АҚШ долларына артады.

Соңғы жаңалықтар