Нұрлы жол: Ақмола облысында 687,6 шақырым жол жөнделеді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 687,6 шақырым жол жөнделеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн форматта өткен брифингіде облыс әкімінің орынбасары Асқар Мұратұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкім орынбасарының айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы қолға алынғаннан бері 2015-2019 жылдар аралығында өңірде облыстық және аудандық маңызы бар 1500 шақырымнан астам жол жөнделген. Нақтырақ алсақ, Жаңа Колутон-Ақкөл-Азат-Минский, Орта Ақсу-Бестөбе-Изобильный жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл облыс аумағындағы жергілікті маңызы бар автокөлік жолын жөндеуге 40,5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржының 14,2 миллиард теңгесі республикалық қазынадан, 10 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен 3,4 миллиард теңгесі Үкімет қорынан және 12,9 миллиард теңгесі «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы бөлініп отыр.

«Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде республикалық және облыстық маңыздағы жолдардан бөлек, ауыл арасындағы жолдар жөндеуден өткізілуде», – дейді Асқар Мұратұлы.

Бөлінген қаржыға барлығы 687,6 шақырым жергілікті маңызы бар жолдар мен ауылішілік көшелерді жөндеу жоспарланған. Қазіргі кезде Еленовка-Чистополье-Есіл, Балкашин-Шаңтөбе, Атбасар-Қима, Қонысбай-Сейфуллин-Қызылсая ауылдары аралығындағы жолдар жөнделіп жатыр. Бұған 7,8 миллиард теңге қарастырылған.

Сонымен қатар, әкім орынбасары елорада маңыңдағы елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешендік жоспары, «Ауыл - ел бесігі» жобасының жай-жапсарына тоқталып өтті.


Соңғы жаңалықтар