«Нұрлы жер»: Мемлекет жұмсаған 1 теңгеге 6 теңге тікелей инвестиция тартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында мемлекет жұмсаған 1 теңге қаражатқа 6 теңге тікелей инвестиция тартылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтардың баспанамен қамтамасыз етілуі билік пен қоғам алдында тұрған өзекті әрі өткір мәселелердің бірі. Елімізде халық саны көбейіп, жас отбасылардың да қатары артып келеді. Пәтерге, жеке үйге деген қажеттілік басым. Әр қазақстандық тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүдделі. »Нұрлы жер« бағдарламасы халықтың қалың топтарына бағытталған. Ол жеке инвестициялар мен халықтың жинақтарын тарту есебінен тұрғын үйге қолжетімділік пен құрылыс секторын қолдаудың түрлі тетіктерін ұсынады», - деді министр.

Оның дерегінше, бағдарламаның іске асырылуы аясында 2017 жылдан бастап 33,5 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды. 300 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. Мемлекет жұмсаған 1 теңге қаражатқа 6 теңге тікелей инвестиция тартылды. Тұрғын үй құрылысына барлығы 3,3 трлн теңгеден астам инвестиция салынды. Баспананы пайдалануға берудің оң серпіні сақталуда. Орташа 10 пайыз өсім байқалады.

«Орта есеппен алғанда инвестициялар жыл сайын 18 пайызға ұлғаюда. 2018 жылы 12,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл еліміздің бір тұрғынына шаққанда 0,68 шаршы метрді құрайды. Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Бір тұрғынға шаққандағы баспанамен қамтамасыз ету көрсеткіші 21,9 шаршы метрге жетті. Біздің мақсатымыз 2030 жылға қарай 30 шаршы метрге дейін жеткізу», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, бағдарлама аясында 3 жыл ішінде 51 мың отбасын сатып алусыз жалға берілетін және кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл ретте, көпбалалы отбасылардың баспана мәселелерін шешу басымдыққа ие.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тұрмысы төмен 5 мың отбасыға жеңілдетілген кредит ұсынылуда. Халық пен бизнесті баспана салуға ынталандыру үшін жаппай құрылыс аудандарына инженерлік-коммуникация өткізуге 225 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде осы қаражат есебінен азаматтарға жеке тұрғын үй салуға арналған 130 мың жер учаскесі коммуникациялармен қамтамасыз етілді. Субсидияланған кредиттердің аясында жеке құрылыс салушылар 3 жыл ішінде 549 мың шаршы метр тұрғын үй, квазимемлекеттік сектор субъектілері 20 мыңға жуық пәтер салды. Осы жылдары тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көш бастағандар Нұр-Сұлтан, Алматы қалалалары, Маңғыстау және Ақтөбе облыстары«, - деді Бейбіт Атамқұлов.

Соңғы жаңалықтар