Нұрлан Нығматулин Мәжіліс сессиясын қорытындылады
«Бұл Мәжіліс пен депутаттық корпус үшін маңызды кезеңдердің бірі. Осы сессия өз жұмысын қасиетті Тәуелсіздігімізге 30 жыл толған тарихи кезеңде бастады. Ерекше айту керек, осы шақырылымда Мәжіліс құрамы жаңарып, елге танымал білікті тұлғалармен толықты.
Осы сессиядағы жаңа және нақты қадамдар Мәжілістің заң шығару жұмысын одан әрі күшейтуге жол ашты. Соның нәтижесінде, Мәжіліс саяси, әлеуметтік, экономикалық маңызы зор көптеген заңдарды қабылдады. Көптеген парламенттік іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл жолда біз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Стратегиялық бастамаларын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алға қойған міндеттерін басшылыққа алдық. Оның барлығы, халқымыздың өмір сапасын арттыруға, еліміздің тұрақты дамуын заң деңгейінде қамтамасыз етуге ықпал етті», - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығыматулин палатаның жалпы отырысында.
Оның айтуынша, сессия барысында депутаттар өздерінің заң шығарушылық бастамаларын белсенді қолданып, 10 заң жобасын әзірлеп шықты.
Сонымен қатар, осы сессияда 230-дан аса депутаттық сауал жолданды. Олар индустриялық-инновациялық даму, қаржы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және аймақтық даму мәселелеріне бағытталды.
Палата спикері сессия аяқталғанымен депутаттар өңірлерге, шалғайдағы ауылдық жерлерге барып, сайлаушылармен кездесетінін атап өтті.