Нұрлан Айманов: Вакцинация паспортын сатып алғандар – реанимацияға билет алғандар

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 158 мыңға жуық адам вакцинацияның толық курсынан өтті, бұл барлық екпе алуы тиіс халықтың 50,7 %-ы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың айтуынша, өңірде вакцинация паспортын сату дерегі тіркелмеген.

«Бұл мәселе біздің құзырымызға жатпайды. Онымен құқық қорғау органдары айналысады. Десек те облыста вакцинация паспортын сату дерегі тіркелген жоқ. Біз де өз тарапымыздан қатаң бақылауға алдық. Анықталған жағдайда қатаң жазалап, жұмыстан шығаруға дейін барамыз.

Сатушы жақ бар да, сатып алушы жақ бар. Вакцинация паспортын сатып алғандарға айтарым, сіздер жансақтау бөлімшесіне билет алдыңыздар», - дейді Нұрлан Айманов.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірде 200 749 адам вакцинаның бірінші компонентімен егілген, толық вакцинация курсынан 157 803 адам өтті.

«СҚО-да вакцина алғандардың 695-і коронавирус жұқтырды. Олардың 359-ы препараттың бірінші компонентін алса, ауырғандардың 336-сы толық екпе алғандар», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Меруерт Атамбаева.

Бұған дейінөңірде коронавируспен ауырғандардың 4,5 есе өскенін айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар