Нурфер Терджан, түркиялық ғалым: Бақыттың кілтін әл-Фарабидің еңбегінен табуға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркиялық ғалым Нурфер Терджан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қолдауымен «Послание ветра. «Аль-Фараби» кітабын баспадан шығарды. Қазіргі уақытта ғалым Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінде PhD дәрежесін алу үшін оқып жатыр. Жақында Нурфер Терджан жаңа кітабының ерекшелігі туралы ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген еді.

- Нурфер ханым, сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін рахмет! Әл-Фараби туралы кітап жазуға не түрткі болды?

- Мұндай ой менде кездейсоқ туындады деуге болады. Дегенмен, әл-Фараби туралы кітап жазамын деп мүлдем ойламаған едім. Өйткені әл-Фараби – бұл жай ғана өмірбаян емес, үлкен философия төңірегіндегі ірі тақырып. Өткен жылы тамызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры Мехмет Арсланмен кездескенде, ұлы ойшыл туралы сөйлестік. Мен әл-Фарабиге қатысты бірнеше құжаттарды іздестірген едім. Онда да білім мен ғылым мақсатында емес, өзімнің ой-өрісімді дамыту үшін еді. Осылайша, әл-Фараби философиясы, ғылым, «Қайырымды қала тұрғындары» трактаты тақырыбын қаузай түстік. Өткен жылы профессор Мехмет Арслан 2020 жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығы тойланатынын айтып, университет үшін кітап жазуды ұсынған еді. Келісуін келіскенімен, оны жазу оңайға соқпады. Міне қазір кітабым университетте жарық көрді. Өзім де ҚазҰУ-дағы PhD бірінші жылын аяқтадым. Жоғарыда айтып өткенімдей, мен әл-Фарабиді өзім үшін, ой-өрісімді дамыту үшін оқитын едім. Кітап шығарамын деп ойламадым. Бірақ, мұның тек бастамасы ғана екенін айтқым келеді.

- Ғұлама әл-Фараби еңбектерімен байланысты бағыттардың қайсысы Сізге ерекше ұмытылмас әсер қалдырды?

- Ең алдымен бақыт тақырыбы дер едім. Әл-Фараби өз еңбектерінде бақыттың не екенін, оны қалай табу қажеттігін көп жазған. Оның ғылым, саясат, музыка, тіл, риторикаға қатысты көптеген еңбегі бар. Бірақ, бәрінен бұрын бақыт тақырыбы айрықша әсер қалдырды. Менің ойымша, әрбір адам бақыт туралы ойланады. Сіз де, мен де, бәріміз де! Мәселен, дәмді кофе ішіп, шоколад жеуді бақыт деуге болар еді, бірақ ол бес минутқа ғана созылады. Бес минуттан кейін көңіл-күйіміз өзгеруі мүмкін. Ал бұл енді бақыт емес. Алайда, әл-Фараби «бақыт» ұғымын түрлі мағынада сипаттаған. Бақыт – ізгі адам болу. Бақыт – күлу емес, күлімдеу. Сондықтан да мен ең бірінші кезекте өзімді дамыту үшін әл-Фарабиді жиі оқимын. Менің басты мақсатым кітап жазу болған жоқ, өзімді дамыту болды. Өмірдің негізгі кілті – бұ дүниеде ізгі адам болуға ұмтылуда жатыр дер едім. Менің кітабым әл-Фарабидің өмірбаяны туралы емес. Иә, әрине, ғалымның өміріне қатысты көптеген ақпарат, деректер кездеседі. Оны оқып отырып, пәлсапалық ғұмырнамаға шомуға да болады. Бірақ, мен әл-Фарабиден үйренуге тырыстым. Сондықтан да, кітабымда оқырманға ұсынымдар беруге тырыстым. Мен бұл кітапты оқысам, оны өзімше түсінемін, егер сіз оқысаңыз, онда сіз де өзіңізше түсініп, өзін-өзі тануда жол табар едіңіз деп ойлаймын.

-Дегенмен, Сіздің кітабыңыздың ерекшелігі неде?

- Әл-Фараби туралы кітаптардың басым көпшілігі академиялық, ғылыми тілмен жазылған. Бұл кітапты жазу арқылы ұлы ойшыл туралы кітаптарды тек қана ғалымдардың оқымайтынын, қарапайым адамдар да оқуы тиістігін көрсеткім келді. Бәлкім тілдік ерекшелекке қатысты шығар, философиялық таным әр тілде әртүрлі болып келеді. Тіпті қарапайым адам философия немесе философтар туралы оқығанда қолында міндетті түрде сөздік болуы тиіс, онсыз қарапайым оқырманға бірдеңені түсіну қиын. Осы жағынан алып қарағанда күрделі мәселелер бар. Дегенмен, мұндай ғұлама ғалым туралы, әсіресе, оның мерейтойында барлық адам оқып-білуі тиіс. Бірақ, ғылыми тілдің тереңдігін барлық адам түсіне бермейді. Сондықтан әл-Фараби туралы кітапты қарапайым халық оңай түсініп, кез келген адам қиналмай оқи алатын жеңіл тілде жазылуы тиіс деп ойладым. Сол үшін де кітапты академиялық тілмен қиындатқан жоқпын. Кітапты оқығандар бірден түсініп кете алады. Университеттің (ҚазҰУ) профессорлық-оқытушылық құрамы осы жазылған кітапты мақұлдады. Туындының дана бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көргенінің символикалық мәні де бар. Кітап студенттер мен оқушылардан бастап, нағыз бақыттың не екенін іздеп жүрген барлық оқырманға арналған.

- Әл-Фараби өмірін зерттеуде архивтік материалдарды қай тілде іздестіресіз және қай тілдегі архив көбірек қолжетімді болып отыр?

- Бастапқыда кітапты түрік тілінде жаздым. Кәсіби аудармашылар кітапты орыс және ағылшын тілдеріне аударды. Алдағы уақытта қазақ тіліне де аударылады деп ойлаймын. Бұл ең алдымен аудитория сұранысына байланысты болады. Жалпы зерттеумен айналысқанда материалды барлық қолжетімді тілде іздестіремін. Қазір жоғары технология заманында өмір сүріп жатырмыз, түрлі аударма бағдарламалары бар. Мәселен, әл-Фараби туралы арабша немесе парсыша құжаттарды іздегенде түрік немесе ағылшын тіліне аударатын арнайы бағдарламаларды қолдандым. Сөзсіз, аударма сапасында өзгерістер болуы мүмкін, бірақ бұл маған тағы жаңа идеялар береді. Қазір материалдарды аудару қиын емес. Егер мағлұмат шынымен қажет болса, еш қиындық туындамайды.

- Түркия халқы әл-Фараби мұрасымен қаншалықты таныс?

- Әрине, басқа да елдер секілді әл-Фарабидің есімі ғалымдардың ортасында, университеттерде танымал, ал қарапайым халық арасында көпшілік біле бермейді. Сонымен бірге, мен әл-Фарабидің музыка туралы теориялық тұжырымдамаларына қатысты тағы бір тақырыпқа қызығып жүрмін. Музыкалық философия туралы барлық адам оқи алады, өйткені адам болғаннан соң, бәрі де музыканы ұнатады. Бірақ, әл-Фарабидің музыканы зерттеген алғашқы ғалым екенін ешкім, тіпті музыканттар да білмейді. Әл-Фараби тіпті музыкалық аспап та жасаған (Zither). Дәл осы аспап түркілердің ұлттық аспаптарының негіз құраушысы болып саналады. Әл-Фараби орталық және шығыс, түркі музыкасын, кәсіби музыканы зерттеген. Ең бастысы – 2050 жылы жастар әл-Фараби философиясын қалай қабылдайды деген мәселе және бұл кітап сол сұраққа жауап береді.

- Сіз қазір Алматыда PhD дәрежесінде оқып жатырсыз. Біздің еліміздің білім беру жүйесін қалай бағалар едіңіз?

- Қазақстанның және Түркияның білім беру жүйесін салыстырғым келмейді, өйткені екі елдің географиясы мен өмір салты мүлдем бөлек. Әрбір ел өзінің дамуына, географиялық орналасуына қарай азаматтарына білім беріп жатыр. Оның үстіне, екі елдің де білім беру жүйесінде оң өзгерістер болып жатыр. Мен Қазақстанда көптеген адамдардың ғылымға, әдебиетке қызығатынын байқадым. Қазақ халқының өзі әдебиетке жақын. Олар кітап оқығанды, философияны жақсы көреді, Абайдың барлық еңбегін біледі. Қазақстандықтар – өз елінің патриоттары. Ұлттық академиялық кітапханаға да студенттер мен ғалымдар ғана емес, барлық жастағы оқырмандардың келетінін байқадым.

- Қызықты сұхбатыңыз үшін көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар