Нұрболат Қарабасов: Жақсылық жасау арқылы мүмкіндігімнің шектеусіз екеніне көзім жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мүгедектер арбасына таңылған талдықорғандық әлеуметтік кәсіпкер Нұрболат Қарабасов мүмкіндігі шектеулі жандарға қоларба ұсынып, кәсіп жасап отыр. Волонтерлер жылы ол Қазақстанның волонтерлік қызметінің бренді қалыптасатынына сенеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен 2017 жылы «Jas prioject» жобасына қатысып, осындай құрылғылардың (өзі мінген мүгедек арбасының рөлі бар, өзі қозғалатын заманға сай түрі - қоларба) түр-түрін бес ай бойы тегін беріп, қызмет көрсеттім. Мен жақсылық жасау арқылы мүмкіндігімнің шектеусіз екеніне көзім жетті. Осыдан кейін бірнеше әлеуметтік жобаға қатысып, Алматы және Түркістан облыстарында осы құрылғыларды жалға беріп, қызмет көрсете бастадым. Біздің мақсатымыз – қоларбада отырған жандардың төрт қабырғаға қамалмай, қоғаммен тығыз қарым-қатынас жасап, достарымен кездесіп, киноға барып дегендей, лайықты өмір сүруіне жағдай жасау», - дейді Нұрболат Қарабасов.

Әлеуметтік кәсіпкерде қазірге дейін осындай қоларбаның алпысы бар.

«Бұл құрылғыларды шетелден алдырамыз. Алпыс пайызы құрастырылған түрде келеді. 40 пайызын өзіміз құрап, жалға беріп қызмет көрсетеміз. Яғни бұл құрылғы 3 секундта кез келген арбаға жалғанып, сағатына 27 шақырымды бағындыра алады. Бір қуаттағанда – 30 шақырымға жетеді. Мен мәселен Талдықорғанда таңертең сегізде үйімнен шығып, кешкі жетіге дейін осы қоларбамен жүре беремін», - дейді ол.

Әлеуметтік кәсіпкер волонтерлік дегенді қалай түсінетінін айтып берді.

«Волонтерлік дегеніміз – белгілі бір дәрежеде асар. Адамдар асарлатып, бір-біріне көмектесуі керек. Кәсібім арқылы қоғамға кішкене болсын үлесімді қоссам деймін. Волонтерлік жасқа қарамайды. Осы қоларба жоқ кезде Талдықорғанда бір кішкене бала арбама жақындап, «аға, көмектесейін бе?» деген кезде жүрегім елжіреп, көзіме жас келді. Біздің қазақ баладан қарттарына дейін бір-біріне көмек қолын созуға дайын тұрады. Волонтерлік кейін шыққан сөз болғанымен, қазақта бұрыннан бар үрдіс», - дейді Нұрболат Қарабасов.

Әлеуметтік кәсіпкер «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылуы волонтерларға жігер береді деп сенім білдіріп отыр.

Айта кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада ЭКСПО көрмесінің «Art Hub» павильонында орналасқан волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатына қатысты. Фронт-кеңсе бүкіл Қазақстанның волонтерлері үшін кеңес беру, әдістемелік, оқыту және ақпараттық орталыққа айналатын болады. Сондай-ақ, ол волонтерлік жобалар мен оқыту бағдарламаларын үйлестіру, мониторинг жасау, волонтерлікті ілгерілету бойынша бірыңғай ақпараттық саясатты жүргізеді және бірыңғай Call-орталықтың жұмысын ұйымдастырады.


Соңғы жаңалықтар