«Нұр жолы» өткізу пунктіндегі жүк көліктерінің жиналып қалу мәселесі қалай шешілуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Төлеген Байғұлов «Нұр жолы» өткізу пунктіндегі жүк көліктерінің жиналып қалу мәселесі қалай реттеліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус пандемиясына байланысты Қытай тарапы өз шекарасына кіретін автокөлік құралдарының санын азайтты. Сондай-ақ, олар автокөлік құралдары мен жүргізушілерді санитарлық тексерістен өткізу шараларын күшейтті. Осының салдарынан екі елдің арасында біршама көлік жиналып қалып жатыр. Тасымалдаушылардың басым бөлігінде (шамамен 80%) жүктерді тасымалдауға нақты тапсырыстар мен шарттардың болмауы да қиындық тудырғанын айта кету керек. Олар сол жерде бір жолғы мәміле жасасу мақсатында ҚХР аумағына барады. Алайда қытай тарапы оларға өз аумағында жүкті тиеу және кері шығу үшін 48 сағат уақыт береді. Осыдан барып жүргізушілер ҚХР-ға қарай бейтарап жолаққа қайта кезекке тұрады. Көлік тағы жиналады», - дейді Төлеген Байғұлов агенттіктің Facebook парақшасында өткен онлайн баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша 2020 жылғы 1 шілдесінен бастап «Қалжат», «Бақты» және «Майқапшағай» өткізу пункттері ашылған. Олар бұрын уақытша жабылған болатын. Әйтсе де қазір осы пункттермен бекеттес Қытай тарапынан өткізу пункттері жабық болғандықтан ол жақтардан тауар толы көліктер өте алмайды. Осыған байланысты негізгі жүктеме «Нұр жолы» өткізу пунктіне түсіп тұр.

«Туындаған жағдайды реттеу мақсатында 2020 жылдың 9 қыркүйегінде апробация шеңберінде gocargo.kz электрондық кезек жүйесі іске қосылды. Осының нәтижесінде автокөлік құралдары «Нұр жолы» өткізу пунктіне сайтта тіркелу және электронды кезек бойынша кіре алатын болды. Бұл ретте жүйе тауар санатына байланысты (экспорт, гуманитарлық жүктер және т. б.) көлік кезегін жолға қояды. Сондай-ақ автокөлік құралдарының Қазақстан аумағына соңғы келген сәтінен бастап кемінде 14 күн бұрын қайта жүріп өтуі шектеледі», - дейді ол.

Төлеген Байғұлов бұл жүйе ішкі істер, мемлекеттік кірістер және көліктік бақылау органдарының базаларымен интеграция кезеңінде тұрғанын жеткізді.

«Осы жылдың 1 қазанынан бастап ол толығымен енгізілетін болады. Сондай-ақ, мемлекеттік кіріс органдары Қытай тарапынан «Қалжат», «Бақты» және «Майқапшағай» өткізу пункттерін ашу бойынша ҚХР тарапынан Үкімет деңгейінде келіссөздер жүргізу туралы хатқа бастамашылық етті. Бұл өткізу пункттерінің кедендік әкімшілендіруді жүргізу үшін барлық қажетті инфрақұрылымы бар. Сондай-ақ өткізу пунктінде өз қызметін «EurotransitLogistic» ЖШС Сауда-логистикалық орталықтары жүзеге асырады», - дейді ол.

Оның сөзінше бүгінгі таңда «Нұр Жолы» кеден бекетінен көлік құралдарынан ақылы терминалға дейінгі жол бөлігінде көлік құралдарының жиналу жағдайы төмендеген. Жүргізушілер тарапынан толқу жоқ. Қытай тарапы орташа есеппен тәулігіне 60-тан 80-ге дейін көлік құралын қабылдайды.



Соңғы жаңалықтар