Нұр-Сұлтанда жауынгерлік өнердің үздіктері марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада өткен Қазақстанның Жауынгерлік өнер қауымдастығының ІІ конгресінде карате, толық контактілі спорт, ММА аралас жекпе-жек, жекпе-жек спорт түрлері бойынша үздік спортшылар марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, карате бағытында «Үздік спортшы» аталымында Шинкиокушинкай карате федерациясының спортшысы өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Каратеден әлем чемпионатының жеңімпазы Владимир Артюшин үздік танылды. Ал дәл осы бағытта «Үздік бапкер» аталымында «Киокушинкай кан-карате» Ұлттық республикалық федерациясының жаттықтырушысы Азамат Айдарханұлы жеңіске жетті.

Толық контактілі спорт түрлерінен «Үздік спортшы» аталымын Муай-тай федерациясының спортшысы Алмас Сәрсембеков жеңіп алса, осы аталымда «Үздік бапкер» атағын «Таэквондо ИТФ» қауымдастығының жаттықтырушысы Валерий Когай иеленді.

Ал жекпе-жек спорт түрлері бойынша ҚР Джиу-джитсу қауымдастығының спортшысы Мөлдір Мекенбаева «Үздік спортшы», Спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының жаттықтырушысы Болат Қожахметов «Үздік бапкер» атанды.

ММА аралас жекпе-жек спорт түрлерінен «Үздік спортшы» атағы ММА Қазақстандық аралас жекпе-жек біріккен қауымдастығының спортшысы Бағдат Жұбанышқа, «Үздік бапкер» атағы Нұрлан Мамыралиевке берілді.

Жеңімпаздарға Қазақстанның Жауынгерлік өнер қауымдастығының атынан Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.




Соңғы жаңалықтар