Нұр-Сұлтанда жас әртістер мейірім туралы қойылымды сахналады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада мейірім тақырыбына арналған спектакль сахналанды, деп ҚазАқпарат тілшісі.

Мейірімділікке баулитын сахналық қойылымды елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Кинокио» кинематографиялық өнер мектебінің жас әртістері орындап шықты.

Аталған мектепте балалар мен жасөспірімдерді әртістік шеберлік пен режиссер болудың қыр-сырымен кино әлеміне танымал тұлға Марат Сәрсенбаев үйретеді.

Әртіс болуды үйрету курсы ақылы.

Жас әртістердің алғашқы қойылымына белгілі театр режиссері Асхат Маемиров оң бағасын берді.

«Балалардың ынтасы жоғары және болашағы зор. Оның үстіне балалар сахнада ешкімді алдай алмайды, олар өз рөлдерін шынайы түрде ойнап шықты. Тіпті әженің рөлін сомдаған кішкентай қыз баланың өзі болашақта дайын театр әртісі екенін көрсетті. Танымал әртістердің көбісі шығармашылық жолдарын осылай мектеп қабырғасында үйірмелерге қатыса жүріп бастады. Болашаққа жарқын жол осы жерден басталады», - деді А. Маемиров.

Оның айтуынша, болашақ әртіс болатын балалармен кәсіби мамандардың айналысып жатқаны көрініп тұр.

«Жас таланттардың актерлік шеберліктен бөлек, ән айтатыны тіпті қуантады. Маған осы балалармен бірлесіп жұмыс туралы ой келіп тұр. Неге көрмеске? Меморандум жасасып, сол арқылы шығармашылық жолында еңбектенуге болады», - дейді ол.

Айта кетсек, бүгін елордада балалар мен жастарға арналған дамыту орталығы ашылды.

Сондай-ақ, аталған шарада биыл күзде Нұр-Сұлтан қаласында көркем галерея ашылатыны белгілі болды.

Одан бөлек, сол жерде отандық танымал шахматшы Динара Сәдуақасова кәсіби шахмат клубын ашуды ұсынды.


Соңғы жаңалықтар