Нұр-Сұлтанда ядролық қарудан азат әлем тақырыбында халықаралық көрме ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 1 қазан күні Елбасы кітапханасында «Сіз бағалайтынның бәрі – ядролық қарудан азат әлем үшін» халықаралық көшпелі көрмесінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараны Жапониядағы Қазақстан Республикасы елшілігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, «Soka Gakkai International» (SGI), Ядролық қаруды жоюды қолдайтын Халықаралық компания (ICAN) ұйымдастырды.

Көрме Семей ядролық сынақ полигонындағы соңғы жарылыстың 30 жылдығына (1989 жылғы 19 қазан), «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10 жылдығына (2009 жылғы 5 қаңтар), Қазақстанның ағымдағы жылдың 29 тамызында әлемдегі 26-шы ел болып Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялаған атаулы күнге арналған. Сондай-ақ, аталған көрме - Елбасы кітапханасының жаһандық қауіпсіздік тақырыбына арналған халықаралық жобасының жалғасы. Оның алғашқы бөлімі а.ж. 19 қыркүйекте Токио қаласында өткен Елбасы кітапханасының «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» тақырыбындағы көрмесі мен конференциясы болды.

Көрмені ашқан Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов іс-шараның тек қана Қазақстан мен Жапония халқын ғана емес, барша адамзатты толғандырып отырған жаһандық қауіпсіздік мәселесі екеніне тоқталды.

«Бүгінгі көрменің Қазақстанда өтуі кездейсоқтық емес. Қазақ жері Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалалары сынды ядролық қарудың қасіретін шеккен мемлекет. Семей сынақ полигонында 40 жылдан астам уақыт ядролық сынақтар өтіп, 1,5 миллионнан астам қазақстандық зардап шекті, қазір де түрлі сынақ зардаптары байқалады. Осыдан 30 жылдай бұрын, 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонын жапқан, Орталық Азияда ядросыз аймақ қалыптастырып, 29 тамызды Ядролық сынаққа қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялауға бастамашылық еткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті, жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екенін барша әлем біледі», - деді Әмірхан Мұратбекұлы.

Өз кезегінде Сока Гаккай Интернэшнл ұйымының вице-президенті Хироцугу Тэрасаки, Елбасы кітапханасына қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, Сока Гаккай Интернэшнл Президенті Дайсаку Икеданың «Сіз бағалайтынның бәрі – ядролық қарудан азат әлем үшін» көрменің ашылуына арналған құттықтау сөзін оқып берді.

Соңғы жаңалықтар