Нұр-Сұлтанда ұры көліктің терезесін сындырып, 1,2 млн теңгенің заттарын алып кеткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада автокөлік тоналды. Темір тұлпар иесіне 1,2 млн теңгеден астам шығын келтірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап.

«Елорда тұрғыны ұрлық жасалғаны туралы арызданды. Жәбірленушінің сөзіне қарағанда, белгісіз тұлға оның «Lexus RX 300» маркалы автокөлігінің терезесін сындырып, салонға кіріп, ер адамның сөмкесінен 50 мың теңге, құжаттар мен жеке заттарын және әмиянын ұрлаған», - деп хабарлады департаметтің баспасөз қызметі.

Берілген мәліметке сәйкес, жәбірленушіге келтірілген шығын 1 млн 207 мың теңгені құрады.

«Алматы» аудандық полиция басқармасының жедел уәкілдері бірнеше сағаттан кейін күдіктінің ізіне түсіп, оны тұрғылықты жері бойынша ұстады. Полиция қызметкерлерінің анықтауы бойынша, ұсталған азамат автотұрақта тұрып, жанында тұрған «Lexus RX 300» автокөлігінің жүргізушісі өз көлігінің артқы орындығына сөмкесін және заттарын қалдырғанын байқаған. Көлік иесі кеткеннен кейін көліктің әйнегін сындырып, ұрлық жасап, қылмыс орнынан бой тасалаған», - деді департаментте.

Қазіргі уақытта ұсталған азамат ұрлық жасағанын мойындады. Айғақты заттар тәркіленді.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабына (Ұрлық) сәйкес, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Ұсталған адамның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.


Соңғы жаңалықтар